Ислам әлемі Швециядағы Құранды жағу акциясын сынап жатыр

Дастан Жұмабекұлы

Швед елінің Қорғаныс министрі Пал Йонсон Анкараға сапарын тоқтатты

фото: ашық дереккөзден біріктірілген

Швеция азаматы Расмус Палудың «Құран» кітабын Стокгольмдегі Түркия елшісі алдына келіп, отқа орауы мұсылман әлемінің ашу-ызасын тудырды. Бұл туралы DW хабарлады.

Ультра оңшыл белсендінің мұны ислам дүниесіне қарсылық ретінде жасағаны белгілі болды. Ислам әлемі бұл бейбастақ акцияны батыл айыптады.

Стокгольмде оңшыл экстремистердің соңы Құранды отқа жағуға ұласатын демонстрациясы ислам әлемінде буырқанған наразылық толқынын тудырып, Швеция мен Түркия арасындағы қарым-қатынасты ушықтырып жіберді.

Ислам ынтымақтастығы ұйымы 22 қаңтар күні бұл «арандатушылық акцияның» мұсылмандардың қасиетті құндылығын аяққа таптау болып отырғанын мәлімдеп, мұны жасаған қауымды да, оған жол берген Швеция билігін де айыптады. Осы акцияға жергілікті билік рұқсат бергендіктен, Түркия соның қарсаңында Швеция Қорғаныс министрі Пал Йонсонның Анкараға сапарын тоқтатты.

Осыдан кейін Швеция мен Түркия арасындағы онсыз да аумалы-төкпелі ахуал кілт бұзылды. Швецияның НАТО-ға мүше болуына 30 елдің ішінде қарсы болып тұрған Түркия мен Венгрия ғана еді. Ал Йонсонның 27 қаңтарда Түркияға келудегі басты мақсаты Анкараны осы тарапта өз жағына қарай бұру болатын.

Түркия акцияны үлкен ашу-ызамен айыптады. Анадолы елі президентінің өкілі Ибрагим Калын Швеция билігінің барлық ескертулер мен қарсылыққа қарамастан, митингті өткізуге рұқсат бергені «жек көрушіліктің негізінде исламофобияны ынталандыру» болып отырғанын айтты.

Қасиетті құндылыққа шабуыл жасау – еркіндік емес, қазіргі заманғы варварлық, – деп атап өтті ол.

Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі де Стокгольмдегі акцияны батыл сынға алды.

Бұған дейін Кувейттің Сыртқы істер министрі Салем Абдалла әл-Джабер Ас-Сабах та швед Расмус Палудың «Құран» кітабын өртеп жібергенін айыптап, бұл оқиғаның бүкіл әлемдегі мұсылмандардың реніш сезімін тудыруы және олар үшін қауіпті арандатушылық болуы мүмкін екенін айтқан болатын.