Halyq Uni логотип
×

Әбілдаев партиядан шығарылды: Сарапшы билікшіл партияның басында ресейшіл күштер тұрғанын айтты

Конституцияның 20-бабында да соғысты насихаттауға тыйым салынған

 Ая Өміртай 19.01.2023 | 15:46
Әбілдаев партиядан шығарылды: Сарапшы билікшіл партияның басында ресейшіл күштер тұрғанын айтты
Коллаж: Halyq Uni

Ресей басқыншылығын қолдаған депутат Әбілдаев бүгін «Ақ жол» партиясынан шығарылды. Сарапшылар оғаш пікір айтқан депутат Парламенттен қуылуы керек деп санайды.

Бүгін «Ақ жол» демократиялық партиясы Ұлттық кеңесінде Әбілдаевты партиядан шығару туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ депутаттық мандатын тоқтату туралы «Ақ жол» партиясы Орталық сайлау комиссиясына хат жолдады.

ДЕПУТАТТЫҢ ОҒАШ ПІКІРІ БИЛІКТІҢ РҰҚСАТЫМЕН АЙТЫЛЫП ОТЫР

Саясаткер Әміржан Қосанов депутаттың оғаш пікірі биліктің тапсырмасы, не билік рұқсатымен айтылып отыр деп санайды.

«Аннексияны ақтау – анайылық әрі ағаттық, басқыншылыққа болысу – бетсіздік әрі бейшаралық. Бір нәрсе айқын: бізде парламент биліктің қалауымен құрылған, сондықтан да мына депутаттың оғаш пікірі биліктің не тапсырмасы, не рұқсатымен айтылып отыр деп санаймын. Яғни, біздің үкіметтің және сол билікшіл партияның басында ресейшіл күштер мен тұлғалар бар деген сөз. Шынын айту керек, соңғы кезде Кремль басқа елдердегі өз жақтастарын іздей бастады. Бәлкім, мына депутат сол тенденцияны сезіп, өзінің саяси карьерасының жалғасын ойластырып жатқан болар. Саяси тұрғыдан алсақ, мынадай аннексияшыл депутаты бар партия тіркеуден айырылып, парламенттен қуылуы керек», – деді саясаткер Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.

КОНСТИТУЦИЯҒА ТІКЕЛЕЙ ҚАЙШЫ

Ал заңгер Сұлтан Сахариев пікір білдіру құқығының өзінің қатаң шектеулері бар, оның ішінде «соғысты насихаттауға» міндетті түрде тыйым салынғанын айтады.

«Бұл ереже Қазақстан 2005 жылы ратификациялаған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 20-бабында бекітілген. Бұл жерде Қазақстан Конституциясының 4-бабына сәйкес Қазақстанның халықаралық шарттары мен басқа да халықаралық міндеттемелері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының бөлігі екендігін есте ұстаған жөн», – дейді Сұлтан Сахариев.

Заңгердің сөзіне сүйенсек, Конституциясының 20-бабында да соғысты насихаттауға тыйым салынған. Сонымен қатар, Конституцияның 8-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларын құрметтейді, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық пен тату көршілік қарым-қатынастарды, олардың тең құқылығын және бір-бірінің ішкі істеріне араласпауды, бейбітшілікті сақтау саясатын жүргізеді.

Депутат Әбілдаев басқа мемлекеттің аумағында әскери күш қолдануды, кейіннен осы басқа мемлекеттің саясатымен келіспеушілік салдарынан бейбіт тұрғындардың құрбан болуын қолдайды және рұқсат етілген деп санайды. Мұндай мәлімдеме соғыс насихатының анықтамасына жата ма? Иә. Бұл конституциялық норманың қалай тереңірек ашылғанын заңнамамыздан көруге болады. Менің ойымша, депутаттың берген антын, атап айтқанда, «Қазақстанның Конституциясы мен заңдарын мүлтіксіз орындауға […] ант етемін» деген бөлігін бұзу және конституцияға тікелей қайшы, – дейді заңгер.

Айта кетелік, Мәжіліс депутаты Азамат Әбілдаев Азаттыққа берген сұхбатында Ресейдің Украинаға ашқан соғысын «арнайы операция» деп атап, Ресейдің басқыншылығын қолдап, Украинаны «нацистер басқарып отыр» деген. Депутаттың оғаш пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыланып, депутатты мандатынан айыру керектігін талап ете бастаған жазбалар көбейді.

Ал аталған жағдайға қатысты Бас прокуратура халық өтінішіне құқықтық баға бере ала ма деген сауалымызға прокуратураның баспасөз өкілі жазбаша арыздың қажет екендігін жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама