×

Қазақстан ресейліктер үшін елге келу-кету тәртібін неге күшейтті? – БАҚ

Былтыр көрші елге 2,9 млн Ресей азаматы барған

 Дастан Жұмабекұлы 18.01.2023 | 09:00
фото: Нұрдәулет Әбікеев

Қазақстан Ресейдегі мобилизациядан қашқандар үшін келу-кету тәртібін күшейтті. Бұл туралы The Moscow News хабарлады.

Қазақстан Үкіметі 31 желтоқсанда елде болу мен кетуді айғақтайтын визаран тәртібін өзгертетін қаулы қабылдады. Бұған дейін ресейліктер Қазақстанға өздерінің ұлттық паспорттарымен немесе шетелдік паспорттарымен келіп, ешқандай құжат толтырмай-ақ 30 күн бола алатын, сосын тұрған жерінде тіркеліп, визаны тағы 60 күнге создыра беретін. Сөйтіп, 90 күн еш алаңсыз жүретін. Содан кейін елден бір шығып кетіп, артынша қайта оралып, тағы үш айға қалуға мүмкіндік алатын, – делінген материалда.

Қазақстанда ұзағырақ тұрғысы келетіндер үшін екі түрлі мүмкіндік берілген. Оның бірі – виза алу (әдетте бір жылға, содан кейін тағы созылады), екіншісі – тұруға ықтиярхат алу. Бірақ қазір қазақ билігі тап осы жерде ресейлік азаматтар үшін қолайсыз тосынсый жасап отыр. Бұл Қазақстан Ішкі істер министрінің 6 қаңтардағы бұйрығы негізінде жасалды. Енді ресейліктердің ықтиярхат алуы үшін олардың шетелдік паспорты болуы керек. Сондай-ақ министрлік ресейліктерден соттылығы туралы мөр басылған, қағаз нұсқасындағы анықтама талап етуді ұсынып отыр. Бұған дейін көші-қон қызметі үшін мұндай анықтаманың электронды версиясы жеткілікті болатын. Бірақ әзірге министрдің бұйрығы шыққан жоқ. Осы талаптардың бәрі не үшін жасалып жатқанына келсек, Қазақстан Ресей азаматтарына қатысты елге келу-кету тәртібін түбегейлі өзгертіп, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды назарға алып, саяси тұрақтылықты сақтағысы келетін сияқты.

Қазақстан Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, 2022 жылы Қазақстанға 2,9 млн Ресей азаматы келген. Олардың 146 мыңы жергілікті ЖСН алса, ал 36 мыңы бұған қоса уақытша ықтиярхат алған.

Ресейдің ішкі паспортымен келгендер Қырғызстанда тіркеусіз 30 күн және тұрған жеріне тіркелгеннен кейін 6 ай мерзім тұра алады. Арменияда тұру мерзімі – 180 күн. Ал Беларусьте Ресейдің ішкі паспортымен 90 күн тұруға рұқсат етілген.

Ресейден барғандар шетел паспортын Ресей консульдіктерінен барып ала алады. Қазақстанда ондай консульдіктер Астана, Алматы мен Өскемен қалаларында бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама