×

«Себеп қабылданбайды». Смайыловқа Ұлытау облысының жауабы ұнамай қалды

Облыс басшысы қаржының дұрыс игерілмеуіне ауа райы да әсер еткенін жеткізді

 Дәурен Ерболат 17.01.2023 | 12:54
коллаж: Halyq Uni

Премьер-министр Әлихан Смайыловқа Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлының жауабы ұнамай қалды.

Үкімет отырысында «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында бөлінген қаражаттың айтарлықтай бөлігін Ұлытау облысы игере алмай жатқаны айтылды.

Осыған байланысты Әлихан Смайылов өңір басшысына сұрақ қойды.

«Берік Әбдіғалиұлы, бөлінген қаржаттың үлкен бөлігі игерілмеген. Аяқталмай қалған жобалар көп. Қандай шаралар қабылдайсыз?», деді үкімет басшысы.

Ұлытау облысының әкімі оның себебін түсіндіруге тырысты.

Әкімнің айтуынша, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бюджетті нақтылау барысында 2022 жылғы мамырда Ұлттық қордан 4 ауылдағы 5 жобаны іске асыруға 634 млн теңге бөлінді.

«Оның ішінде 4 фельдшер-акушерлік пункт құрылысына 480 млн теңге, Жаңаарқа ауданында дене шынықтыру – сауықтыру құрылысына 154 млн теңге қарастырылған. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына конкурстық рәсімдері Қарағанды облысы құрылыс басқармасы 2022 жылғы 14 маусым мен 14 тамыз аралығында өткізіп, келісімшартта Ұлытау облысына өткен жылы 14 қазанда берді. Жылдың қорытындысы бойынша 358 млн теңге немесе 56% игерілді. Қаражаттың игерілмеуі ауа райының жағдайына және Қарағанды облысының шарттар бойынша міндеттемелердің кеш берілуіне байланысты болды», - Берік Әбдіғалиұлы.

Премьер-министрге өңір басшысының жауабы ұнамай қалды.

«Берік Әбдіғалиұлы, ауылдарда әлеуметтік және тұрмыстық инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру өте маңызды. Ақша бөлінеді. Сіздің жұмысыңыз соны тиімді пайданалынып, іске асыру. Біз «Ақша уақытында бөлінбеді» деп айтқан себепті қабылдамаймыз. Жұмысты уақытында орындаңыз», - деді Әлихан Смайылов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама