Halyq Uni логотип
×

Солтүстік Қазақстан облысы Ресейдің дәрігерлерін жұмысқа шақырып жатыр

Өңірде медицина саласындағы кадр тапшылығы өзекті проблемаға айналып отыр

 Дастан Жұмабекұлы 17.01.2023 | 12:31
Солтүстік Қазақстан облысы Ресейдің дәрігерлерін жұмысқа шақырып жатыр
фото: ашық дереккөз

Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде медицина саласындағы кадр тапшылығы мәселесі қаралды. Облыс әкімі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, өңірге 208 дәрігер мен 209 фельдшер қажет. Сол себепті, облыста медицина кадрларының жетіспеушілігі өзекті проблемаға айналып отыр. Сұранысқа ие мамандардың қатарында психиатр, гинеколог, хирург, кардиолог, анестезиологтар бар.

Қазір өңірге келген мамандарға барынша жағдай жасау аса маңызды мәселе болып тұр.

Мәселені шешу үшін медицина қызметкерлерін еліміздің басқа өңірлерінен ғана емес, Ресейдің көрші облыстарынан да тарту керек. Неге біз Түмен мен Омбының жоғары оқу орындарына барып, түлектермен кездеспейміз. Олар біздің ұсынысымызға қуана келісетін шығар. Қазір Ресейдегі жағдайға байланысты біздің облысқа келіп жұмыс істегісі келетіндер көп. Ал Ресейден маман келіп жатса, оған үстемеақыны көбейтуді облыстық мәслихат депутаттарымен ақылдасу керек. Кей емдеу мекемелерінде жаңа қондырғылар бар. Алайда онымен жұмыс істейтін маман жоқ, - деді Айдарбек Сапаров.

Отырыста денсаулық сақтау басқармасы басшысы да өңірдегі медицина саласындағы кадр тапшылығы туралы айтты. Оның айтуынша, мамандарды тарту үшін оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету нәтиже бермей отыр.

Былтыр облысқа 280 дәрігер келді. Олардың 185-і – қалада, 95-і ауылдарда жұмыс істеп жатыр. Келгендердің 132-сі – жас маман. Бірақ былтыр өңірден 218 маман кетті. Олардың 140-ы – Петропавл қаласынан, 78-і – ауылдардан басқа жаққа қоныс аударды. Жұмыстан шығып кеткендердің 41-і – жас маман. Дәрігерлердің жұмыстан кетуінің себебі көп – басқа жаққа көшу, зейнет жасына жету және мамандардың жеке секторға ауысуы. Қазіргі уақытта зейнет жасына жеткен медицина қызметкерлерінің үлесі – 11%, – деді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісов.

Облыс әкімдігінің мәліметіне қарағанда, қазір СҚО-ға келген дәрігерлерге ауылға барса 2,5 млн теңге, Петропавлда қалса 1,5 млн теңге үстемеақы беріледі. Бұдан басқа, әр емдеу ұйымы 1 млн теңгеден бөліп, пәтерді жалдау ақысын төлейді. Әрі «Дипломмен – ауылға» сияқты мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндігі бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама