Қазірдің өзінде елорданың жаңа тұрғын үй кешенінде су жоқ немесе болған күннің өзінде ақырын ағады
Қазақстанда жаңадан салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлерде су тапшылығы байқалып жатыр. Экономист Расул Рысмамбетовтің пікірінше, су тапшылығының алдын алу Үкіметтің нөмірі бірінші жұмысына айналуы тиіс, деп хабарлады Halyq uni.
Экономист қазірдің өзінде Астана мен Алматыда көпқабатты тұрғын үйден пәтер сатып алып жатқан азаматтар су тапшылығына тап болып отырғанын атап өтті.
«Салынып жатқан 5,4 млн шаршы метр пәтерге су жетпейді. Кезекте 14 млн шаршы метр баспана тұр. Жақында елорда әкімдігінде өткен жиында құрылыс компаниялары жер мен инженерлік инфрақұрылымды (электр энергиясы, су, жылумен қаматамыз ету) сұрады. Оларға суды ешкім бермейтінін түсіндірді. Себебі Астана Қазақстанның жарты қалалары сияқты суы жеткіліксіз аймақта тұр. Қазірдің өзінде елорданың жаңа тұрғын үй кешенінде су жоқ немесе болған күннің өзінде ақырын ағады», - деп жазды ол.
Сондай-ақ экономист пәтер иелері мен баспана алғысы келетін азаматтардан осы мәселеге назар аударуды сұрады. Оның пікірінше, бұл тұрақты проблемаға айналуы мүмкін. Себебі су болмаса, жаңа насос пен құрылғыларды орнатқаннан ештеңе шықпайды.
«Маңғыстау, Атырау, Түркістан, Қызылорда, Ақмола, Алматы, Жамбыл облыстарының фермерлері су тапшылығымен 5-7 жылдан бері таныс. Су шаруашылығы министрлігін құратын уақыты келді. Ол ведомство судың жеткіліктілігі мәселесімен айналысуға тиіс.
Сонымен қатар, биыл судың тарифін көтеру қажет. Су шаруашылығы министрі президенттің кеңесшісі, сондай-ақ вице-премьер болуы керек. Күн сайын суды қайдан алуға және оны қалай тазартуға болатынын ойластыруы қажет. Қазір Үкіметте өткізіліп жатқан кеңестердің еш пайдасы жоқ. Президент күн сайын су мәселесі туралы естіп, Парламент айына бір рет өңірлерден нақты мәліметтерді алып отыруы керек», - деп қосты Рысмамбетов.