Зеленский бейбітшілікке жетудің 10 тармақтан тұратын формуласын ұсынды
Түркия Украина президенті Владимир Зеленскийдің ел шекарасын 1991 жылғы қалыпқа келтіріп барып, бейбіт келісім жасасуды көздейтін ұстанымына толық қосылады. Бұл туралы Anadolu хабарлады.
«Түркия Украинада бейбітшілікке жетудің сол елдің президенті Владимир Зеленский ұсынған жоспарын қолдайды», – деді Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу Оңтүстік Африка Республикасына барған сапары кезінде.
Әрине, біздің мақсатымыз – берік бейбітшілік пен екі жаққа тиімді шешім. Біз бұл соғыстың келіссөз үстелі үстінде шешілетініне сенімдіміз. Оның қалайда ерте болғаны жақсы, – деді ол одан әрі.
Оның айтуынша, Ресей қазір келіссөзге дайын екенін мәлімдеп отыр. Украина президенті болса, 10 тармақтан тұратын бейбітшілік жоспарын ұсынды.
«Біз, Түркия, осы жоспарды қолдаймыз және сол бағытта жұмысымызды жалғастыра береміз», – деп атап өтті түрік министрі.
Бұл ретте Украина президенті өткен жылғы қарашада G20 саммитінде сөйлеген сөзінде бейбітшілікке жетудің мынадай 10 тармақтан тұратын формуласын ұсынған еді:
– радиациялық және ядролық қауіпсіздік;
– азық-түлік қауіпсіздігі;
– энергетикалық қауіпсіздік;
– барлық тұтқындар мен депортация жасалғандарды босату;
– БҰҰ-ның жарғысын орындау және территориялық тұтастық пен әлемдік тәртіпті қалпына келтіру;
– Ресей әскерлерін 1991 жылғы шекараға шығару және ұрыс қимылдарын тоқтату;
– әділдікті қалпына келтіру, яғни агрессияға кінәлілерді трибуналға тарту және шығындарды өтеу;
– экоцидке қарсы әрекет ету;
– Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік беру;
– соғыстың аяқталғанын бекіту.
Мәскеудегілер бірден Зеленскийдің жоспарын талқылаудан бас тартты.
Украинаның құрамына кірген жаңа төрт өңірмен бірге қайта қалыптасқан Ресей территориясының бүгінгі шындығын есепке алмай отырған қандайда бір бейбітшілік жоспарының тіршілік етуі мүмкін емес. Бұл шындық ескерілмеген жоспар «бейбіт» болуға ешбір талпыныс жасай алмайды, – деді сол кезде Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.
Ал Владимир Путин бұған дейін ешқандай келіссөзден бас тартпайтынын айтып, талай рет мәлімдеме жасаған болатын.