Халыққа бос уәде емес, оң өзгерістер керек – Тоқаев
Экономикадағы, саясаттағы жасанды монополияны жоюға тиіспіз, дейді президент
Қазақстан экономикасы мен саясатындағы жасанды монополия жойылуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауы кезінде осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
«Реформа жасап жатырмыз» деген атау үшін реформа жасаудың қажеті жоқ. Мен мұны бірнеше рет айттым. Біз бұл өзгерістерді жұртқа жақсы көріну үшін жасамаймыз. Құлаққа жағымды бірақ орындалуы екіталай күмәнді көрсетікіштерге алданбаймыз. Қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті. Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек. Біз кез келген мәселені ашық айтып, оны шешудің оңтайлы жолдарын бірге іздеуіміз қажет. Экономикадағы, саясаттағы жасанды монополияны жоюға тиіспіз. Оның орнына ашық әрі әділ бәсеке орнату өте маңызды. Себебі нағыз бәсеке болғанда ғана халықтың әл-ауқатты атып, жағдайы жақсарады», - деді Тоқаев.