×

«Конституциялық соттың пиары». Заңгер күшін жойған Елбасы туралы заңға қатысты пікір білдірді

Елбасы туралы заң күшін жойғандықтан, қор мен кітапханаға бюджеттен ақша бөлінбеу керек деп есептейді

 Айнұр Шошаева 11.01.2023 | 13:24
Коллаж: Halyq Uni

Елбасы туралы заң өткен жылы жалпыхалықтық референдумнан кейін күшін жойған және оны мойындау үшін алты ай уақыт күтудің қажеті жоқ еді. Заңгер Марат Башимов Қазақстанның тұңғыш президенті туралы заңның күшін жоюына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.  

Оның пікірінше, Конституцияның нормасы күшін жойса, конституциялық заңның нормалары да күшін жояды. Бұл туралы Конституцияға түзетулердің түсініктеме авторлары ретінде бірнеше рет атап өткенін айтады. 

«Конституция, халық билік көзі ретінде дауыс берген жоғары заңдық күштің актісі ретінде (ҚР Конституциясының 3-бабы) әлі де «тікелей қолданысқа» ие. Оқытушылар, заң ғылымдарының докторы, конституциялық құқық профессоры ретінде біз әрқашан Конституциялық принциптердің маңыздылығын көрсету үшін осы мәселеге арнайы тоқталамыз. Яғни, 2022 жылғы 5 маусымдағы  жалпыхалықтық референдумнан кейін сәйкес келмейтін барлық нәрсе өз күшін жойды. Оны жариялау және жаңадан құрылған Конституциялық соттың пиарын жасау үшін 6 ай күтудің қажеті жоқ еді», - деді заңгер. 

Еске сала кетейік, Конституциялық сот тұңғыш президент туралы заңның күшін жою туралы қаулы жариялаған болатын. 

«Қазақстан Республикасының Конституциясында «Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының Қазақстан Республикасында қолданылатын құқықта сақталуына құқықтық негіздер жоқ деп тану қажет, осыған байланысты оның күші жойылды деп танылуға жатады», – делінген қаулыда.

Марат Башимов Конституциялық соттың берген түсініктемесін түсініксіз деп есептейді. 

«Конституциялық Сот, нормативтік құқықтық актінің әрекет етуінің конституциялық-құқықтық негіздері тоқтатылған жағдайда, бұл актінің құқықтық тағдыры шешілуі керек, деп есептейді» дегені несі? Конституциялық соттың депутаттардың берген сауалына түсініксіз жауап, біржақты сілтемелер берген, заңды негізделген түсінік жоқ. Бұл тезистің мағынасы, объективті негіздемесі жоқ. «Құқықтық тағдыр шешілуі керек» деген нені білдіреді? Оның әрекеті тоқтайтынын жазуы керек еді. Қайталап айтайын «Конституция Республиканың бүкіл аумағында жоғары заңды күшке ие және тікелей қолданылады», – деп қосты ол. 

Сондай-ақ ол Қазақстан конституциясында экс-президенттердің барығына бірдей жағдай қарастырылатынын еске салды. Оларға заң бойынша минималды жағдай жасалуы керек деген пікірде. 

«Конституцияда барлық президенттер бірдей: мейлі ол Назарбаев болсын, мейлі Тоқаев және одан кейін болатын президенттердің құқығы бірдей болады. Дүние жүзінде солай. Олардың минималдық артықшылықтары қалады. Себебі олар мемлекетті басқарғаннан кейін жұмысы мемлекеттік құпия, ұлттық қауіпсіздікпен байланысты болды. Яғни, бақылау керек, шетелге кетіп қалмауын, құпияны жарияламауына қадағадау қажет. Оларды баспанамен қамтамасыз етіп, күзет беру, зейнетақы төлеу мәселесін қарастыру керек шығар», – деді заңгер. 

Бұған қоса, заңгер тұңғыш президенттің кеңсесі мен кітапханасына қатысты пікір білдірді. Жыл сайын республикалық бюджеттен қаржы бөлініп отырғандықтан, аталған ұйымдардың құқықтық статусын анықтау керек деп есептейді. 

Қордың құрылтайшысы кім екенін білмегендіктен, әзірге бірдеңе деп айту қиын. Жеке өз қаржысына құрса, мемлекеттік емес ұйым саналады. Ол басқа заңмен реттеледі. Ал егер заңсыз жекешелендірілген болса оны тексеру керек. Былтыр БАҚ Назарбаев қорының 8 млрд активі бар деп жазып жатты. Құқық қорғау органдары онымен айналысады деп ойлаймын. Елбасы туралы заң күшін жойғандықтан, қор мен кітапханаға бюджеттен ақша бөлінбеу керек деп есептеймін. Егер мемлекеттің нысаны болса, атын ауыстыру керек. Мемлекеттің ол нысандарды тексеруге неге кіріспей тұрғаны өз алдына бөлек сұрақ. Жеке қор ме кітапхана болса, оған республикалық бюджеттен ақша беріп тұрсақ ол заңсыз, – деп толықтырды Башимов. 

Тұңғыш Президент туралы заңға сәйкес, Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге оның отбасы мүшелеріне артықшылық берілген болатын. 

«Құқықтық алаңдағы жұмыс енді ғана басталып жатыр. Бүкіл заңбұзушылықтарды, заңсыз ақща шығаудың бәрін тексеріп, елге қайтару керек. Алматыда, астанада қаншама нысанды заңсыз алғаны туралы естімеген ел қалмады. Қылмыс болса, ешқандай заңға қарамай жауапқа тарту қажет. Бұл отбасы мүшелеріне да қатысты. Отбасы мүшелерінде ешқандай иммунитет жоқ», – деп қорытындылады Марат Башимов.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр БАҚ Назарбаев қорының 8 млрд активі бар екенін жазған еді. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама