Соледар үшін шайқаста тірі жан қалған жоқ – Зеленский

Дастан Жұмабекұлы

Екі жақтың әскері қатты қырғынға ұшырады

фото: ашық дереккөз

Украина президенті Владимир Зеленский кезекті видеоүндеу жасап, толық қирауға ұшыраған Соледарда тірі жан қалмағынын айтты. Бұл туралы «Новая газета. Европа» хабарлады.

Мемлекет басшысы Ресей әскерлерінің Донецк облысындағы Соледар қаласы түбінде жасаған әрекеттерін «барып тұрған ессіздік» деп атады.

Онда Ресей нені ұтқысы келді? Бәрі толық қиратылған, онда тіпті тіршіліктің өзі де қалмаған. Мұнда мыңдаған адам опат болған. Соледардың түбіндегі жердің бәрінде оккупанттардың мәйіттері жатыр. Бұл ессіздіктің осындай кескіні бар, – деп мәлімдеді Зеленский.

Украина президенті өз сөзінде Ресей әскерлерінің «қайталанып жатқан толассыз ақкөз, қатыгез шабуылдарына» төтеп беріп тұрған әскерилерге алғыс айтты.

Бұл өте ауыр нәрсе: онда сау бірде-бір ғимарат қалмаған, бәрі қиратылған. Біз өз жауынгерлеріміздің Солидардағы табандылығы арқасында Украина үшін керекті қосымша күш пен қосымша уақытты таптық, – деді ол.

Американың Соғысты зерттеу институты (ISW) өзінің күнделікті мәліметінде атап көрсеткендей, «Вагнер» жеке әскери компаниясының құрылтайшысы Евгений Пригожин өз ұйымының репутациясын күшейте түсу үшін Соледар мен Бахмуттағы жағдайларға қатысты жалған ақпарат таратуды қоятын емес. Бірақ оның сапындағы сотталғандарға кешірім берілгені жайлы деректер компанияға кіргісі келетіндер қатарын көбейтіп жатқан сияқты.

Қазір Соледарда да, Бахмутта да қиян-кескі шайқас жүріп жатыр. Ресей армиясы екі қаланың да шетіне кірді. Бірақ олардың оққа ұшып жатқандарында есеп жоқ. Оккупанттардың қимылы әйгілі Георгий Жуковтың ІІ Дүниежүзілік соғыс кезіндегі сарбаздарды қатты қырғынға ұшырата отырып, кезекті позицияны басып алуға негізделген тактикасын ұстанып отырғаны айқын аңғарылады.