×

Ресей 2018 жылы әлем чемпионатындағы ойындарды сатып алды – Канчельскис

Ресей құрамасының экс-ойыншысы футболдағы жемқорлықты сынға алды

 Дастан Жұмабекұлы 09.01.2023 | 14:59
фото: ашық дереккөз

Ресей құрама командасы мен Англияның «Манчестер юнайтед» және «Эвертон» клубтарының бұрынғы ойыншысы Андрей Канчельскис 2018 жылы Ресей әлем чемпионатындағы ойындарды сатып алғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Ресейдің БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында айтты.

Сұхбатта Канчельскис Ресей ұлттық құрамасының қазіргі жағдайы, команданың бас жаттықтырушысы Станислав Черчесов туралы сыни пікірлер айтып, Ресей футболының сыйбайлас жемқорлықтың кесірінен жылдан жылға құрдымға кетіп бара жатқанын жеткізді. Осы ретте экс-футболшы 2018 жылы Ресейде өткен әлемдік додада ұлттық құраманың жүлделі орын алу үшін барлық матчтарды сатып алуға дейін барғанын жасырмады.

Ол Матч ТВ тілшісіне берген сұхбатта сұрақтарға былай деп жауап берді.

- Әлем чемпионатының 1/4 финалынан кейін Черчесовты (Ресей құрамасының бас жаттықтырушысы, - ред) неге қолдамадыңыз?

- Мен оны неге қолдауым керек?! Ұлттық құрама әлем чемпионатындағы барлық ойындарды сатып алғаны үшін қолдауым керек пе? Сіз ойындар туралы естімедіңіз бе? Білмедіңіз бе? Мен оған Ресейдің барлық матчтарды сатып алғаны үшін алғыс айтуым керек пе?! Біз өз алаңымызда барлық ойындарды сатып алдық.

Әрі қарай Канчельскис Ресей 2018 жылы 2002 жылғы Оңтүстік Корея мен Жапония сияқты әлем чемпионатында жақсы қырынан көріну үшін түрлі айла-тәсілдерді жасағанын атап өтті.

- Біз өз алаңымызда әлем чемионатын өткіздік. 2008 жылы Еуропа чемпионатында еліміздің бас командасы лайықты өнер көрсетіп, үшінші орын алды. Міне, нәтиже деп осыны айтуға болады. Ал 2018 жылы әлем чемпионатында не болды? Біздің құраманы бәрі алға сүйреді. Осы сүйреудің арқасында Финляндия құрамасын ұттық. Басқа елдердің командаларымен терезесі тең ойнадық. Бірақ біздің елге бір нәрсе ғана жетіспей тұрды. Ол – әлем чемпионатының жүлдегері атану еді.

Әлем чемпионаты кезінде Испания королі Мәскеуге бекер келген жоқ. Оның не үшін келіп-кеткенін уақытында білетін боласыздар. Ресей мен Испанияның ойыны өте күмәнді болды. Бұл кездесуде Испания дұрыс ойнаған жоқ, олар допты аспанға ғана теуіп ойнады. Мені футболды білмейді деп ойлайсыздар ма?! Футболды бес саусағымдай білемін. «Бұл матчта Испания Ресейге жол беруі керек» деген ақпараттың қайдан шыққанын білемін.

- Сонда Иньеста мен Рамос, Испанияның басқа да ойыншылары матчта әдейі бар күш-жігерін салып ойнамады деп ойлайсыз ба?

- Испания королі ымдап айтса, олар ештеңе дей алмайды ғой. Маған сенбесеңіздер, өздеріңіз білесіздер. Бірақ мен бір нәрсені анық білемін. Испания королі келгенде нақты келісім болған. Мұны әлем чемпионатында ойнаған футболшылар да, басқа да адамдар растай алады. Ерте ме, кеш пе, бұл туралы бәрі жарыса жазып, бетімізге айтатын болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама