Азаптаудан қайтыс болған 8 адамның отбасына «Қазақстан халқына» қорынан өтемақы төлене ме
Мәжіліс депутаты тергеу қорытындысын күтуге шақырды
Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерден кейін қамауға алынып, изоляторда қаза тапқан қазақстандықтар Қаңтар оқиғасының құрбаны ретінде танылмаған. «Қазақстан халқына» қорынан өтемақы төленетін санатта Қаңтар оқиғасына қатысты тергеуге алынып, уақытша ұстау орындарында азаптау салдарынан қайтыс болған азаматтар жоқ.
Бұған дейін «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры ІІМ, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметшілері және Қорғаныс министрлігі мен «Ұлан» әскери қызметшілеріне қаза тапқан (19 адам) және ауыр жарақат алған (106 адам) қызметкерлердің отбасы мүшелеріне көмек ретінде материалдық төлемдерді бастағанын мәлімдеді. Төлемдер жоғарыда аталған мемлекеттік органдардан алынған ресми тізімдер негізінде жүзеге асырылатынын ескертіп, аталған санаттағы жәбірленушілерге арналған төлемнің жалпы сомасы 451 миллион теңгені құрағанын хабарлады.
Бұған қоса, Қор 14 наурыз күні оқиғаның жазатайым құрбаны екенін құзырлы органдар растаған үш азаматтың отбасына ақшалай төлемдер жібергенін мәлімдеді.
Сондай-ақ, ауыр жарақат алған үш баланың және қайтыс болған екі баланың отбасы мүшелеріне ақшалай төлемдер жіберілді. Бұл санаттағы азаматтарға жолданған жалпы төлем сомасы 44 млн теңгені құрады. Қаза тапқандардың отбасыларына 7 миллион теңгеден, ауыр жарақат алған балалардың туыстарына 3 миллион теңгеден төленді, – делінген қордың сайтындағы ақпаратта.
Қаңтар оқиғасына қатысты тергеу кезінде 8 адам күштік құрылым қызметкерлерінің азаптауынан кейін қаза тапты. Бұл туралы кеше Мәжілісте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов мәлімдеді.
Тергеу изоляторырда қайтыс болған жандарға өтемақы төлене ме деген сұрақты Halyq Uni тілшісі Мәжіліс депутаты, «Қазақстан халқына» қорының қамқоршылық кеңесінің мүшесі Ирина Смирноваға қойды. Оның пікірінше, Қордағы ақшадан өтемақы төлеу үшін алдымен қаза тапқан адамның кім екенін ажыратып алу керек.
«Қаза тапқан адамға 7 млн, ал ауыр жарақат алған адамға 3 млн теңге төленеді деген шешім қабылданды. Енді бейбіт адамды қай жерде, кім жаралағанын анықтап алу керек. Қазір тергеу жүріп жатыр. Тергеу органдары қорытынды шығарып, аталған азаматтың азаматтық парызын өтеу кезінде қаза тапқанын растаса, Қаңтар оқиғасының құрбандарына берілетін өтемақы төленеді», - деді депутат.
Сондай-ақ депутат Қаңтар кезінде билікке қарсы шығып, зардап шеккен азаматтарға қордан көмек көрсетуді қолдамайды.
«Менің ойымша, сіз халықтың қорының қаражаты зардап шеккен, бірақ мемлекеттік жүйеге қарсы шыққан адамға төленгенін қаламайсыз. Яғни, ғимаратқа от қойып, дүкендердегі терезелерді сындырды және т.б. қылмыс жасаған азаматтарға берілуін қолдамайтын шығарсыз. Отанды қорғап, конституциялық құрылым мен тәуелсіздікті сақтау үшін күрескендер сөзсіз көмек пен қолдауға ие болуы керек. Ал оған қарсы шыққандарға мемлекет төлемеуі керек деп есептеймін», - деді ол.
Уақытша ұстау изоляторларында қайтыс болған 8 азамат Қаңтар оқиғасының құрбаны санатына енбеген. Депутаттың пікірінше, оларды «қаңтар құрбаны» деп тану үшін алдымен тергеудің аяқталуын күту керек.
«Олар сөзсіз оқиға құрбандары. Бірақ қай жақтан қатысқанын анықтау керек. Қайталап айтамын, бұл сұрақтың жауабын тергеу нәтижесі көрсетеді. Егер ол адам изоляторға түспес бұрын әскерилер мен курсанттарды соққыға жығып, қамалған соң бір жағдайға ұшыраса - бір жағдай. Егер ол адам кінәсіз болып, изоляторға түскен соң азаптау көрсе - бұл басқа жағдай. Мұны тек тергеу органдары ғана анықтай алады», - деп толықтырды депутат.
Сондай-ақ депутат тергеу органдары істі объективті түрде жүргізетініне сенімді.
Сондықтан олар қазір түсінеді, адалдық пен ашықтықты (честность и открытость) көрсетеді. Кем дегенде, қазірдің өзінде кінәлілердің аты-жөндері айтылды. Меніңше, бүгінде өтірік көрсету қиын, өйткені бұл шындық бәрібір белгілі болады. Видеожазбалар бар. Туыстары видеоларды жинап жатыр, үкіметтік емес ұйымдар да ақпарат жинап жатыр және т.б. Сондықтан өтірік ақпаратты шындық деп көрсету - өте қауіпті және қиын. Менің ойымша, олар бізге нақты картинаны көрсетуден қорқады», - деді ол.
Ирина Смирнова тергеу орындарындағы азаптауларға қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, мемлекет изоляторларда адамдардың азапталмайтынына жауапты болуға тиіс.
«Әрине жауапты болуы керек. Мұны «Қазақстан халқына» қоры немесе нақты қай қызметтер атқаруы керек екенін білмеймін. Бірақ егер адам осы жағдайда қайтыс болса, мемлекет адамның өмірін сақтамағаны үшін жауап беруі керек. Өз басым кез-келген азаптауға мүлдем қарсы адаммын. Егер азаптау салдарынан адам қайтыс болса, онда, әрине, мұндай отбасыларды қолдау керек», - деп түйіндеді сөзін «Қазақстан халқына» қорының қамқоршылық кеңесінің мүшесі.