×

Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда полицияға тұрғындардан бір күнде 4 мыңға жуық қоңырау түскен

Жарылғыш зат пен өткір қару тауып алған азаматтар да бірден полицияға хабар беріп отырған

 Айгерім Таубай 05.01.2023 | 14:30
Коллаж Halyq Uni

Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде 102 нөмірі арқылы полицияға тұрғындардан бір тәулікте төрт мыңға жуық қоңырау түскен. Олардың басым бөлігі ұрлық туралы айтып, қандай да бір қаруды тауып алғанын хабарлаған. Halyq Uni 4-8 қаңтар аралығында қоңырауға жауап берген оператор Сымбат Рахманқұловамен әңгімелесіп, бір жыл бұрынғы оқиға туралы сұрады.

Сымбат Рахманқұлова – Алматы полиция департаменті жедел басқару орталығында «102» операторы, кіші сержант.

«4 қаңтар кешкі сағат 8-9 шамасында жарты сағатта жұмыста болыңдар деген «тревога» берілді. Айтылған уақытта келіп, жұмысқа қосылдым. Сол уақыттан бастап 8 қаңтарға дейін жұмыста болдым. Әдетте 24 сағат жұмыстан кейін, 2-3 күн демалыс беріледі. Мен секілді 12 қыз-келіншек демалыссыз жұмыс істеді. Себебі келесі күні жұмысқа шығуы керек мамандар келе алмады. Сол күндері әрбір қызметкер бір күнде кемінде 300 қоңыраудан қабылдады», - дейді Сымбат Рахманқұлова.

Сымбаттың өзі 350-360 қоңырауға жауап беріп, тұрғындардың шағымын аудандық полиция басқармасына жолдап отырған.

«Тұрғындар күдікті адамдардың топ болып жиналып тұрғанын, теледидар секілді техниканы алып кетіп бара жатқанын хабарлады. Қай бағытқа қарай қанша адамның кетіп бара жатқанын айтып отырды. Дүкен қызметкерлері хабарласып, адамдардың кіріп жатқанын, заттарды алып жатқанына шағымданды. Ол қоңыраудың бәрін қабылдап, ақпаратты аудандағы полицияға жібердік», - дейді ол.

Айтуынша, жарылғыш зат пен өткір қару тауып алған азаматтар да бірден полицияға хабар беріп отырған.

Адамдар мемлекеттік нөмірі жоқ көлікті көргенін айтып қорқып хабарласты. Енді бірі адамдардың көп жиналғанынан қорықты. Олардың қоңырауын қабылдаудан бөлек, бәрі жақсы болатынын айтып сабырға шақырдық, - дейді Сымбат.

Қала ішіндегі қақтығыстар Алматы полиция департаменті ғимараты маңында да болды. Бұған дейін 5 қаңтардан 6 қаңтарға қараған түні мыңға жуық бүлікші әкімшілік ғимаратқа кіруге және қару-жарақ арсеналын басып алуға он шақты рет оқталғаны айтылды. Сымбат Рахманқұлова соның барлығын бейнебақылау арқылы көрген.

«Сыртқы бейнебақылаудан не болып жатқанын көріп отырдық. Адамдар КамАЗ көлігімен келіп, полиция департаментін жан-жағынан қоршады. Жарылғыш зат лақтырып жатты. Біз отырған ғимаратты іші-сыртын жедел әрекет ету жасағы қорғап тұрды. (...) Сол күндері ата-ана, туған-туыстың бәрі уайымдады. Себебі байланыс болмай, хабарсыз қалды. Қазақстандықтарға хабарлама жіберуге мүмкіндік берілген соң, аман-сау екенімізді жеткіздік. Ата-анамыз бен қала көшелерінде өз жұмысы бойынша жүрген азаматтарды уайымдадық», - дейді Сымбат Рахманқұлова.

Оның айтуынша, департамент басшылығынан барлық қоңырауға жауап беру туралы тапсырма түскен.

Ал қалыпты күндері бір оператор 200-250 арасында қоңырау қабылайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама