Сол кезде басқыншылардың қалың шоғыры жиналып қалған екен
Украина Қарулы күштері Запорожье облысының Васильевка елді мекенінде оккупанттар комендатурасының астаң-кестеңін шығарды. Бұл туралы Obozrevatel хабарлады.
Украин әскерлері Запорожье облысының Ресей армиясы басып алған бөлігінде оккупанттарға күшті соққы берген. Олар атқылаған снарядтар уақытша жау қолында тұрған Васильевка елді мекенінде орналасқан әскери комендатураға дәл тиген. Ғимаратта сол кезде ресейлік басқыншылардың қалың шоғыры жиналып қалған екен.
Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқан оккупанттардың саны аз емес. Васильевкадағы комендатураға келген ресейлік пропагандистер артынан мұны растады. Олар «Мы вместе с Россией» қозғалысының басшысы Владимир Роговтың сөзіне сілтеме жасай отырып, қаза тапқандар мен жараланғандар бар екенін айтты.
Бұдан бір күн бұрын кешке Луганск облысындағы Сватово қаласында да осындай жағдай болған еді. Украин жауынгерлері оккупанттардың екі аптаға жуық уақыттан бері тасып жеткізген снарядтарын бір мезгілде түгел жарып жіберген.
Бұдан басқа, украин әскерлері Херсон облысының Правые Саги селосында да тап осындай соққы жасады. Ал Запорожьенің Пологи селосында оккупанттарды дүркін-дүркін снарядпен атқылады.