РФ әскері жергілікті халықтан Украинамен байланысы бар деп күдіктене бастады
Луганск облысында ресейлік оккупанттар сапына қосылған тұрғындар бірден украин әскерлеріне тұтқынға берілуге дайындалып жатыр. Бұл туралы Military Media Center хабарлады.
Ресейліктер мобилизациялап, әскер қатарына алған Луганск облысының тұрғындары Украина Қарулы күштері басқыншылардың қорғаныс шептерін бұзып өткен жағдайда бірден берілуді жоспарлап отыр, – деді Украина Қарулы күштері бас штабы бас жедел басқармасының бастығы, бригада генералы Олексий Громов.
Ол мұның украин әскерлері Ресей оккупанттарының Сватово-Кременная желісіндегі қорғаныс шебін бұзып өтіп, тиісінше, ұрыс қимылдарын Луганск қаласы аумағына көшірген жағдайда жүзеге асырылатынын айтты. Сол кезде 2-армиялық корпус әскери қызметкерлерінің айтарлықтай бөлігі, әсіресе, уақытша басып алынған территориядан мобилизациямен шақырылғандар бірден тұтқынға түсуге әзір екендерін білдірген.
Мұның алдында, 3 қаңтар күні Луганск облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Сергей Гайдай «Кременная – Сватово» тас жолы украин қорғаушыларының бақылауында тұрғанын, енді оккупанттар логистикасының едәуір қиындай түскенін хабарлаған болатын. Оның айтуынша, жүйкелері жұқарып бітуге айналған ресейліктер жергілікті тұрғындардың көбіне Украина Қарулы күштерімен байланысы бар деп күдіктенетін көрінеді.