×

«Мен қоғамға ашықпын». Аймағамбетов өзіне қолдау көрсеткендерге алғыс айтты

Экс-министр қабылданған әрбір шешім туралы егжей-тегжейлі есеп бермек

 Динара Амантай 04.01.2023 | 17:42
Фото: Halyq Uni

Оқу-ағарту министрлігінің экс-басшысы Асхат Аймағамбетов білім және ғылым саласына жауапты болған уақытында атқарған жұмыстары туралы есеп берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

2019 жылғы маусым айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев маған өте маңызды білім мен ғылым салаларын сеніп тапсырды. Кейіннен мемлекет басшысы мені үш рет қайта тағайындады. Алдымен Білім және ғылым министрі, содан кейін 100 жылға жуық уақыттан соң қайта құрылған, ұлағатты ағартушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов басқарған Оқу-ағарту министрлігіне қайта тағайындады. Осы уақыт ішінде маған жүктелген сенімді ақтауға және ашық, жұмыста тиімді әрі пайдалы болуға тырыстым. Өмірімнің осы маңызды кезеңінде сіздердің, президенттің, мұғалімдердің, ата-аналардың, министрліктің бүкіл ұжымының, азаматтық қоғамның қолдауының арқасында маңызды нәтижелерге қол жеткіздік, – деп жазды экс-министр.

Бұған қоса ол алдағы уақытта министр лауазымында қабылданған әрбір шешім туралы егжей-тегжейлі есеп беруді және бұл шешімдердің логикасы туралы айтуды жоспарлап отырғанын айтты.

Осы жылдар ішінде мен халқымыздың батасын алып, Президенттің сенімін ақтау үшін, ел игілігі үшін жұмыс істеуге тырыстым. Жалпы алғанда, мен үшін уақыт талабына сәйкес келетін жаңа реформаларды енгізу ғана емес, сонымен қатар сабақтастықты сақтау маңызды болды. Әсіресе пандемия кезінде қиын болды, бірақ әріптестеріміздің түсінігі мен қолдауының арқасында ол уақыттан да өттік. Осы уақыт аралығында мұғалімдердің үлкен қолдауын сезіндім. Сол үшін құрметті әріптестеріме алғыс айтқым келеді. Менің шешімдерімді түсініп, қолдағандарыңыз үшін рақмет. Оның барлығы әрқайсыңыздың еңбек жағдайыңызды жақсартуға бағытталған болатын, –  деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, президенттің қолдауы арқасында «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданған. Соның арқасында түбегейлі өзгерістер болды, мысалы, жалақыны көтеру, қосымша төлемдер, міндетке жатпайтын қызметтерден босату, бес күндік жұмыс аптасына ауысу, 30 жыл еңбек өтілі бар мұғалімдерді ҰБТ-дан босату және 25 жылдан астам жұмыс өтілі бар мұғалімдерге төсбелгі тағайындау және т.б.

Білім беру саласы - қарқынды дамып келе жатқан сала. Сондықтан енгізілген жаңалықтарға түсіністікпен қараған ата-аналарға алғысымды білдіргім келеді. Қандай да бір бастаманы жүзеге асырғанда балаларымыздың мүдделерін негізге алдық. Осыған дейін де балаларымның мемлекеттік мектеп пен балабақшаға баратынын бірнеше рет айтқан болатынмын. Біз балабақша тәрбиешілеріне, колледж мұғалімдері мен университет оқытушыларына да қолайлы жағдай жасауға тырыстық. Барлық идея мен алға қойылған міндетті іске асырған Оқу-ағарту министрлігінің, ведомстволық бағынысты ұйымдардың, департаменттердің, білім басқармаларының, әдістемелік кабинеттердің, білім беру ұйымдарының барлық қызметкеріне ерекше алғысымды білдіргім келеді. Сіздер бағалауға келмейтін ауқымды жұмыс атқардыңыздар, – деді ведомствоның бұрынғы басшысы.

Сондай-ақ ол ашық сөйлеп, қолдау білдіріп, сын айтқан қоғам қайраткерлері мен белсенділерге алғысын айтты.

Мен әрқашан сындарлы ескертулерді қабылдауға дайынмын және оларды түзетуге тырысамын. Сондай-ақ жаңалықтарымызды жариялаған журналистерге де еңбектері үшін алғыс айтамын. Біз өзекті ақпаратты белсенді түрде бөлісуге және диалог үшін әрқашан ашық болуға тырыстық. Кез келген адам тыңдай алатын аппарат жиналыстары апта сайын ұйымдастырылды. Жұмыс кестемнің тығыздығына қарамастан, сұхбатқа да уақыт бөлуге тырыстым. Өйткені жаңалықтар мен қабылданған шешімдерді отандастарымызға уақытылы жеткізу және олардың түсінуі маңызды болды. Тәрбиешілермен, оқушылармен, студенттермен, ұстаздармен, мектеп, колледж директорларымен, оқытушылармен, ректорлармен, ғалымдармен, білім басқармалары мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшыларымен көптеген кездесу өткіздім. Мен үшін әртүрлі деңгейдегі білім беру өкілдерінің пікірлерін тыңдау және қандай да бір шешім қабылдағанда барлық мәселенің «оң» және «теріс» жақтарын таразылау маңызды болды. Осы қызметте саланың дамуына үлес қосып, отандастарым мен Президенттің сенімін ақтай алдым деп үміттенемін. Баршаңызға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын және Оқу-ағарту мен Жоғары білім және ғылым министрліктеріндегі әріптестеріме табысты жұмыс тілеймін. Мен, әдеттегідей, қоғамға ашықпын. Бірлескен жұмыс пен барлық бастамама қолдау көрсеткендеріңіз үшін тағы да алғыс айтамын, – деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама