Halyq Uni логотип
×

«Неге қашамын?»: Қайрат Боранбаев қалай ұсталғанын айтты

Астанада Боранбаев пен оның сыбайластарына қатысты сот процесі өтіп жатыр

 Айгерім Таубай 04.01.2023 | 11:13
«Неге қашамын?»: Қайрат Боранбаев қалай ұсталғанын айтты
Фото: Halyq Uni

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы, кәсіпкер Қайрат Боранбаев қалай ұсталғанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni.

Ол өзінің елден қашуға оқталған кезде ұсталғанын жоққа шығарды.

Бұл жалған ақпарат. Мені сағат 5-те қамауға алды. Сол күні кездесулер өткізіп, әдеттегі күн тәртібім бойынша жұмыс істедім. Иә, түнде ұшуға тиіс едім, - деді Боранбаев сотта.

Кәсіпкер Қазақстаннан қашу туралы мүлдем ойламағанын атап өтті.

Елден неге қашамын? Осында дүниеге келдім, ер жеттім. Әкем осында жерленген. Анам осында, бизнесім де осы жерде. Қайда қашамын?, - деді ол.

Астананың Сарыарқа аудандық сотында Қайрат Боранбаев, Роман Наханов, Тайыр Жанұзаққа қатысты сот процесі өтіп жатыр.

Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін оқыған.

Тергеу мәліметінше, Қайрат Боранбаев өзінің сенімді адамы Роман Нахановпен, Ибулла Серді және Тайыр Жанұзақпен бірге 2019 жылғы 1 шілдеден 2022 жылғы 11 ақпанға дейін «АзияГазЧунджа» ЖШС пен «QazaqGaz» ҰК» АҚ арасында келісімге келген. Компания АҚ-мен 2 млн 26 мың 419 текше метр көлемінде жалпы сомасы 141 681 676 272 теңгеге газ жеткізуге келіскен.

«Жанұзақ жағдай жасап, «QazaqGaz» ҰК» АҚ-дан «АзияГазЧунджа» ЖШС-ның «Қазақстан Халық банкі» АҚ-дағы шотына газ жеткізгені үшін қосымша құн салығын қосқанда 141 681 676 272 теңге аударылған. «QazaqGaz» ҰК» АҚ көрсетілген көлемдегі тауарды тікелей «Газпром-экспорт» арқылы 1000 текше метрі үшін 145 АҚШ доллары бағасына 127 116 358 270 теңгеге алады. Осылайша Жанұзақ Серді, Боранбаев және Наханов 2019 жылдың 1 шілдесі мен 2020 жылдың 23 қаңтарына дейінгі аралықта 14 565 318 010 теңге сомасына мемлекет қаражатын жұмсаған», - деді мемлекеттік айыптаушы.

Сотталушылар тауарды арзанға алуға болатынына қарамастан, «АзияГазЧунджа» ЖШС арқылы қымбатқа сатып алған.

Айта кетейік, кәсіпкер Қайрат Боранбаев және оның сыбайластары QazaqGaz ұлттық компаниясына газ сату кезінде 14,6 млрд теңгені иемденді деген күдікке ілініп отыр.

2022 жылғы наурызда квазимемлекеттік секторда аса ірі көлемде қаржы жымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс бойынша Боранбаев қамауға алынды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама