Ресейлік сарбаздардың жесірлері елді мобилизацияға шақырды
Әйелдер Путинге үндеу жолдап, бірнеше талап қойды
Ресей сарбаздарының бір топ жесірі президент Путинге үндеу арнап, «жаудан кек қайтару» үшін жалпыға бірдей мобилизация жасауға шақырды. Бұл туралы The Moscow News хабарлады.
«Ресейде жалпыға бірдей мобилизация жариялап, шақырылым жасындағы ер кісілердің елден тысқары кетулеріне жол бермеу қажет». Жесірлер РФ президенті Владимир Путинге арнаған үндеуінде осындай тілек білдірген.
Біз өз президентіміз Владимир Владимирович Путинге қазір еліміздің шекарасында қалыптасып қалған ахуалға сәйкес, Ресей армиясына кең ауқымды мобилизация жариялауға рұқсат етуді сұраймыз, – делінген жесірлер үндеуінде.
Сондай-ақ мәтін авторлары «шақырылым жасындағы ер кісілердің елден тысқары кетулеріне жол бермеу қажеттігін» ұсынады.
«Күйеулеріміз осы ер кісілерді қорғай жүріп қаза тапқандықтан, біздің бұлай деуге толық хақымыз бар деп есептейміз. Әйтпесе, енді бұлар болмаса, бізді кімдер келіп қорғайды?» – деп күңіренді жесірлер.
Олардың айтуынша, бүгінде Ресейде шақырылым жасындағы «ондаған миллион» ер кісі бар.
Олар қазір үйде отырып не істейді? Білгір комадованиясыз, жабдықтау мен жарақтандырусыз не істей алады? Мобилизация – олардың өздерін өздері қорғап қалуларының бірден-бір жолы, – делінген мәтінде.
Олар сосын Путинге мобилизация мәселесіне келгенде, әлдеқандай бір рейтингтер мен «бөтен ойлылардың» наразылықтары жайлы ойланып жатпай, «тек жеңіске жетуді» ғана көздеген Иосиф Сталинмен теңесуді ұсынады. Үндеудің соңында авторлар «бұл – біздің өтінішіміз, біздің шешіміміз, біздің талабымыз» деп атап көрсеткен.
Біз биліктің бұл даусымызды естімейтініне сенбейміз, – деп түйіндеді олар хат соңын.
Әйелдер Telegram-арналарында өздерін «әрбір жесірдің жобасымыз», сондай-ақ «елдің тірегіміз» деп атайды.
«Біз – өз күйеуі мен балаларын юбканың артына жасырып қоятындар қатарынан емеспіз. Біз – қаза тапқан күйеулерін шексіз мақтан тұтатындар қатарынанбыз», – деп «ағынан жарылды» үндеу авторлары.