Halyq Uni логотип
×

Ресей армиясы Луганск облысында артқа шегініп жатыр

РФ әскерінің бүкіл қорғаныс шебі құлағалы тұр

 Дастан Жұмабекұлы 29.12.2022 | 17:27
Ресей армиясы Луганск облысында артқа шегініп жатыр
фото: focus.ua

Ресей армиясы Луганск облысында тағы бір түйінді қаладан айырылып қалуы әбден мүмкін. Бұл туралы The Moscow News хабарлады.

Украинаның қарсы шабуылы нәтижесінде бұған дейінгі 10 айға созылған соғыстың негізгі мақсаты ретінде «азат ету» деген желеу сөздің желегімен басып алған территорияларының жартысынан айырылып қалған Ресей армиясы Луганск облысында тағы бір бекіністі қаланы беріп қоюы мүмкін, – делінген хабарламада.

Қазіргі сағаттарда Украина Қарулы күштері Ресей әскерлерінің Креминная қаласындағы позициясына қысымды күшейтіп жатыр. Тірек бекеті және логистикалық орталық болып табылатын бұл елді мекенге оккупанттар қыркүйек айындағы шегіністерінен кейін келіп орныққан еді. Соғысқа дейін небәрі 18 мың ғана тұрғын тұрған қалашық Донбастың жазда Ресей әскерінің бақылауына өткен өнеркәсіп орталығы – Северодонецк пен Лисичанск жолындағы «қақпа» болатын.

Ресейдің әскери командованиесі Креминнаядан Рубежноеге көшіп жатыр, – деп хабарлады Луганск облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Сергий Гайдай.

Соның артынша, тура Херсондағы сияқты мұнда арнайы жұмысқа келген ресейлік азаматтар да қаланы тастап шыққан.

«Креминнаяда бірнеше күннен бері кескілескен ұрыс қимылдары жүріп жатыр. Басымдық украин әскерлері жағында. Ресейліктер егер Креминнаядан айырылса, өздерінің бүкіл қорғаныс шебі қирайтынын жақсы біледі», – деді Гайдай.

Американың Соғысты зерттеу институты (ISW) сарапшыларының айтуынша, украин әскерлері Луганск облысында алдында болжағандарынан да үлкен табыстарға жетіп жатқанға ұқсайды. Олардың мәліметтері бойынша, бұл бағыттағы шабуыл 23 желтоқсаннан бері толассыз болып жатыр. Ал Британия барлау қызметі сәрсенбі күні өзінің дәстүрлі есебінде Красный Лиманның батыс жағынан шабуыл жасап келген Украина Қарулы күштері қаланың «осал» тұсын тез тауып алғандарын мәлімдеді.

Гайдайдың айтуынша, Ресей басқыншылары осы күндері орасан зор шығынға ұшырауда. Ал Креминнаяны тастап шықса, олар бір қаладан кейін бір қаланы оңай бере бастайтын болады. Себебі бұдан кейін көп қырғынға тап болған оккупанттардың қорғанулары өте қиынға соқты.

Киев Креминная бағытын Донбасты толық азат етуге мол мүмкіндік беретін ең бір түйінді шеп ретінде қарастырып отыр. Мұны ЛХР халық милициясының офицері, кезекті коллаборант Андрей Марочко «РИА Новости» тілшісіне берген сұхбатында да растады.

Осы уақытта Ресей армиясының Бахмут (бұрынғы аты Артемовск, - ред.) түбіндегі шабуылдары да мандымай жатыр. ISW мамандарының жазуынша, әскер қатарының орасан зор адам және техника шығындарына ұшыраулары басқыншылардың шабуылды жекелеген отрядтар деңгейінде ғана ұйымдастыра алуларына апарып тастаған.

Майдандағы бұл жағдайдан Владимир Путиннің қаншалықты хабары бар екені әзірге жұмбақ болып тұр. The Wall Street Journal газетінің Кремльге және федералды шенеуніктерге жақын адамдары Федералды қауіпсіздік қызметі мен Қауіпсіздік кеңесі сүзгіден өткізген деректерді ғана алып отырған Путиннің «ақпараттық қапшықта» өмір сүріп отырғанын айтады. Олар оның әлі де Украинаны толық басып ала алатындарына сенімді екенін, сондықтан мобилизация мен экономиканы осы соғысқа төге беруге бел шешіп жүргенін байқаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама