Halyq Uni логотип
×

Путиннің достары Пригожинді орнынан алып тастауды талап ете бастады

Ол туралы «криминалды авторитеттер» де жақсы әңгіме айтып отырған жоқ

 Дастан Жұмабекұлы 29.12.2022 | 14:37
Путиннің достары Пригожинді орнынан алып тастауды талап ете бастады
фото: v1.ru

Ресейде президент Владимир Путиннің достары мен Президент әкімшілігіндегі лауазымды шенеуніктер Евгений Пригожинді орнынан алып тастауды талап ете бастады. Бұл туралы The Moscow News хабарлады.

Бизнесмен және «Вагнер» жеке әскери компаниясының негізін қалаушы Евгений Пригожин Украинада соғыс басталуымен бірге саяси салмақ ала бастады. Оның мұнысы Владимир Путинге жақын жүргендер арасында наразылық туғызып жатыр, – делінген материалда.

Бұған дейін Қорғаныс министрлігі мен Санкт-Петербург губернаторымен көпшілік алдында жанжалдасқан Пригожин жақында Президент әкімішілігі басшысының бірінші орынбасары Сергей Кириенкомен де сөзге келіп қалды. Дәлірегі, «Путиннің аспазы» деген де лақап аты бар адамның дандайсып кеткені сондай, Кириенконың жауапкершілігіндегі аймаққа да қайта-қайта кіріп кетіп, шенеуніктерді қызметке тағайындау мен отставкаға жіберу мәселесіне де араласа бастады. Бұдан басқа, Кремльдің әлеуетті өкіліне «қылмысы үшін он жыл зонада отырып келген зектің» Сергей куратор болып отырған өзін-өзі жариялаған Донбасс республикасында буырқанысты тірліктер жүргізіп жатқаны ұнамайды. Қазір бизнесмен ол жақта қорғаныс шебін құрумен айналысып жүр.

Мемлекеттік дума депутаттары арасында да «бұрынғы бандит» Евгений Пригожиннің президентке тым жақын болып алуымен бірге билікке араласуға көшкеніне наразылар аз емес. Ол туралы «заңдағы ұрылар» жақсы әңгіме айтып отырған жоқ.

Пригожин мен оның айналасының президентке жақын бола түсуі мен олардың медиа ресурстарының бұлардан тәуелсіз сипат ұстауы да әкімшілікті алаңдатып отыр. Өйткені олар Путинге соғыстың барысы жайлы Кремль шенеуніктері мен Қорғаныс министрлігінің әбден сүзгіден өткізіп барып беріп отырған мәліметтерінен бөлек ақпар жеткізулері ықтимал.

Пригожинге сондай-ақ президенттің «Озеро» кооперативіндегі ескі достары да тістерін қайрай бастады. Соның ішінде «Россия» банкінің негізгі иесі Юрий Ковальчук қатты белсене кірісті. Путин Петербургте жүрген кезінен криминалмен етене жұмыс істегеніне қарамастан, олардың мүшелерін өзінің жақын шеңберіне жолатып көрген жоқ еді. Бірақ Пригожинге келгенде ол бұл ұстанымынан айнып қалған сияқты.

Осы екі аралықта Қорғаныс министрі Сергей Шойгу «Вагнер» жеке әскери компаниясымен бәсекелес етіп өзінің «Патриот» деген компаниясын құрып алып, оны Украинаға соғысқа аттандырып үлгерді. Бірақ екі компания бір-бірімен байланыссыз екі жақта екі бөлек ұрыс қимылдарын жасап жүр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама