Тарихшы ғалым министр Алтынбек Сәрсенбайұлына қалай кеңесші болғанын айтып берді
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы-ғалым Қойшығара Салғараұлы «AQ сөйле» бағдарламасына берген сұқбатында өзін «қатты еркелеткен» Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқаруда жаңылған тұстарын айтты.
«Біреу бастық болса, оның сөзі қате болса да, дұрыс. Бізде солай ғой. Содан Нұрсұлтаннан да "айырылып" қалдық қой. Ел басқаруда екі түрлі жол бар: Біріншісі – "креслосын" сақтап қалу үшін халыққа жағдай жасау. Екіншісі – "Мен осы халықтың перзентімін. Ата-анама қандай жағдай жасасам, халқымның да жағдайын солай жасауым керек". Сөйтіп сол үйдің перзенті болып, жарты сабақ жіп әкелсе де, бәрін сол үйдің пайдасына шешуге тырысады. Ал "креслосынан" айырылмайын дегеннің халқына жағыну үшін істеген ісін біздің халық ананың бір ғаламаттығы деп түсінеді. Алғашқы кезде бұл кісі сұмдық болды. Халқым деді. Мен Президент жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің хатшысы болдым. Ұлттық мәселелерді талдап, жылына 4 рет қабылдауында болатынмын. Өзімді ұлтжандымын деп есептеймін, алғашқы кездерде менің ойламайтынымды сол кісі ойлайтын. Кейінірек ол кісі одан айныды», - деп тарқатты сөзін Қойшығара Салғараұлы.
Тарихшы ҚР тұңғыш президентінің тапсырмасы аясында Қытай сапарынан кейін он кітап жазып әкелген. Алайда, ұзақ сапардан оралған ғалымды өзі туған ауылдағы халықтың жағдайы ойландырып тастаған.
«Оның алдында да сезіктенетін едім, келген кезімде бәрі ашық көріне бастаған екен. Қытайдан келген бойда ауылыма барып, елдің жағдайын көрдім. Мен кеткен кездегі ауыл мен келген кездегі ауылдың жағдайы жер мен көктей. Жұрт көшіп кеткен. Қираған үйлер. Халық босып кеткен. Жұмыс жоқ. Көргенімнің бәрін ол кісіге ашып айттым. Материалыма риза болған адам мынаған келгенде шатыр ете қалды. “Немене сенен басқа адамның қазаққа жаны ашымай ма?” деді Назарбаев маған. “Нұреке, сіз жалғызсыз. Бәрін білуіңіз мүмкін емес, білмей отыр ма деп айтып отырмын. Білсеңіз, онда қойдым” дедім. Содан кейін маған “жұмысыңызды жалғастырыңыз” деді. Ал мен “Нұреке, керемет материал әкелдім. Мына жұмыс бітеді ғой, мен соны жазып тастап, сосын келейін” дедім. Содан ол кісі кішкене ойланып, Қоғамдық келісім, ақпарат және мәдениет министрі Алтынбек Сәрсенбаевқа қоңырау шалып, жұмыс тауып беруді тапсырды. Сосын министрдің кеңесшісі болдым, бір жылда 1 кітап жазып тастадым. Мен ана кісіге барған жоқпын, университетке кетіп қалдым», деді Қойшығара Салғараұлы.
Тарихшы ғалым сол әңгімеден кейін Назарбаев жайлы жазуды да, айтуды да доғарғанын жеткізді.