Қойшығара Салғараұлы: «Қазақтың түбі – түрік, тарихтан көшпелі дегенді алып тастау керек»

Наима Нұрәлі

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ғалым Қойшығара Салғараұлымен сұқбат

коллаж: Halyq Uni

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы-ғалым Қойшығара Салғараұлы «AQ сөйле» бағдарламасына берген сұхбатында «түрік пе әлде түркі ме?» деген сұраққа «қазақтың түбі – түрік» деп кесіп айтты. Сонымен қатар ғалым тегімізді ұмыттыруға тырысқандар «түрік» деген атаудың өзін үшке бөліп, қазаққа қастандық жасағанын айтады.

«Біз тарихқа “көшпелілер” деген атпен кірдік. Сол тарихтан “көшпелі” деген сөзді алып тастап, орнына түрік десеңіз, сол біздің тарихымыз. XX ғасырда салынған ең соңғы қалаң – Астананың биік үйінің шекесіне Nomad деп жазып қойған. Ол – көшпелі деген атаудан да жаман ғой. Бәрі - тарихыңның жоғынан. Америка үндістері көсемінің айтқаны бар: «Тарихын, тегін білетін рухты халықты қарудың күшімен жаулап алуға, қырып салуға болады. Бірақ бодан етіп, құл қыла алмайсың. Күндердің күнінде қайтадан шыға келеді» дейді. Міне, осындай болмасын деп, тегімізді атаған жоқ. Кеңес үкіметі келгеннен кейін орыстар Еуропадан көргенін қайталап, “түріктен” қатты қорықты. Өзара соғысып жатса да, пантүркизмді шығарды. Қырғыз бен қазақ бауыр десе, пантүркизм деп соттады», - дейді ғалым.

Пантүркизм күткен нәтиже бермеген бір түркология ғылымын бірнеше бөлікке бөліп тастады деп отыр.

«Әзірбайжанның өз түркологиясы, Қазақстанның өз түркологиясы сияқты бөлшектерге бөліп жіберді. Одан кейін әріптерін өзгертті. Қазір ноғаймен сөйлесіп көріңізші, бәрін түсінесіз. Оқып көріңіз, кіл "мягкий знак", "твердый знак" сияқтыларға тап боласыз. Ол да болмаған соң, 1926 жылы Бакудегі түркологтар сьезінде "түрік" деген атаудың өзін үшке бөлді. Кеңес үкіметінің құрамындағы түріктерді – "түркі" деді, яғни "тюрки". Оны біз "түркі" деп аудардық. Ал Түркияның түріктерін "турук" деп атады. Оны біз "түрік" деп алдық. Ал Түрік қағанатына ие шығыстағы түріктерді "туркют" деді. Оны біз қазір "көк түрік" деп атап жүрміз. Ал енді тәуелсіздік алған шағымызда, міне, биыл 31 жылдықты тойладық, әлі әкеден балаға дейін "түркі" дейді. Түркі деген сөз бар, "түркі шежіресі" деген жерде қолданылады. Бірақ оның түбірі – түрік», - деді Қойшығара Салғараұлы.

Ғалым «Қазақстан Республикасы» деген мемлекеттің атауына да қарсылығын білдіріп, көрші қырғыздардан үлгі алуға шақырды.

«Қазақстан» дегеннің өзі "қазақ елі" деген сөз ғой. "Қазақ Республикасы" деген де "қазақ елі" ғой. Өзің білмесең, көршілер тұр ғой. Қырғыз Республикасы дейді. Біздікі – орысқа жағыну. Біз өзімізді өзіміз құрттық», - дейді ғалым.