×

Депутат Мақпал Мысамен сұқбат: Қазақстандағы банда, Парламенттегі шеттету және қаламгерлерді шетелге жіберу туралы

Мақпал Тәжмағамбетова «Мәдениет туралы» заңды әзірлеуге бастамашылық етіп жатыр

 Ая Өміртай 28.12.2022 | 11:15
Фото: Halyq Uni / Әлиакпар Қадырбаев

2021 жылы партиялық тізім бойынша «Amanat» партиясынан Мәжіліске сайланған ақын Мақпал Тәжмағамбетова Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында қаңтар оқиғасы, Назарбаев дәуірі, саяси қызметтегі әйелдердің рөлі мен шығармашылық жолы жайында әңгіме өрбіді. Сондай-ақ, ағылшын тіліндегі кітаптарға қатысты депутаттық сауал жолдаған уақытта қандай қарсылықтар көрді? Дулат Исабековтің әрекеті ұсақтық па? Мағауинмен кездесуде не жайында әңгімелесті? 28 млн теңгеге өткен поэзиялық кеш әңгімесіне нүкте қойылды ма дегендей бірқатар сұрақтарға ашық жауап берді.

– Қалың көпшілікке ақын Мақпал Мыса, депутат ретінде Мақпал Мазаққызы Тәжмағамбетова болып танылдыңыз. Әкеңіздің есімі ерекше екен. Мыса мен Мазақ арасында байланыс бар ма?

– Мыса – менің тегім. Мазақ – әкемнің есімі. Атам мен әжем 99 жасқа келіп, өмірден өткен адамдар. Екеуі түйдей құрдас болған, бесікте жатқанда атастырып қойған екен. Бала тоқтамай, 9 перзенті бірінің артынан бірі шетіней береді. Менің әкем туғанда ел мазақтап жүрсе де аман болсын деп ерекше есім қойған екен. Көз тимесін деген ырым ғой. Әкем де өлең жазады. Қазір 73-ке келді, Нарынқолдан көшкелі де көп жылдар болыпты. 15 жылдан бері Қапшағайда, қазіргі Қонаев қаласында тұрып жатыр. Ал анамның қайтыс болғанына 9 жыл өтіпті.

«АДАМДЫ ЖОЛ ӨЗІ ТАҢДАЙДЫ»

– Саясатқа келуіңізге не себеп болды? Қалай депутат болдыңыз?

– Депутат болсам деген жалпы ой да, мақсат та болған емес. Кейде адамды жол өзі таңдайды. Осыған көзім жетті. 2019 жылы «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атануым жұлдызды сәттерімнің бірі болды. Елге оралған кезде ауыл, аудандағы жұртшылықпен, республикалық деңгейде облыстарда жастармен кездестім. Жастармен ғана емес бар саланың қызметкерлерімен кездестім. Сол ой алаңдарында өлеңнен басқа арман-мақсат жайында, ел өміріндегі, қоғамдағы күрделі сұрақтарды қойды. Сол кезде үлкен жауапкершілікті сезіндім. Кейін сол кездегі «Nur Otan», қазіргі «Amanat» партиясы праймериз өткізетін болып, маған қатысу туралы ұсыныс түсті. Әрине, бұған дейін партияда болған жоқпын, мемлекеттік қызметке араласып көрмегенмін. Еркін шығармашылықта, журналистикада қызмет етіп жүрдім. Көп ойлана келе, тәуекелге бел буып қатыстым. Өзім тұрып жатқан Қапшағай қаласының атынан қатысуым керек еді. Бірақ бұл қаладан басқа кісілер түсетін боп, мені өз туып-өскен жеріме жіберді. Өзім Нарынқолдың тумасымын. Көршілес Кеген бар, бәріміз Аспантау өлкесіненбіз, бөлінбейміз. Кеген ауданына барып, бір ай жүріп бағдарламамды таныстырдым. Праймеризді саяси реформаның алғашқы қадамы деп ұғынып, сайлауға қатыстым. Мінекей, Алматы облысының атынан Парламент Мәжілісіне келгеніме 2 жылдан астам уақыт өтіпті.

– Сол кездерге оралайықшы. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының марапаттауы кезінде Мақпал «Алыстама» деген өлеңін оқығанда Назарбаев көңілі толқып, көзіне жас алыпты деп естіген едік. Рас па?

– Сол фрагмент кезінде сайттарда кең таралып кетті. Себебі ол кісінің жанарына тұнған жас видеодан анық көрінген еді. Жобаға қатысатын спикерлердің барлығы негізі мәтінін дайындап барады ғой. Белгілі бір тексеруден өтеді, сөздерін түзеп жатады. Менің сөздерімді ешкім түземеді. Неге түземей жатыр екен деп ойлағаным да рас. Жобаны өткізуге жауапты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан туған жер, Отан, мемлекет басшысына арналған өлең оқып берсеңіз деген өтініш болды. Ол кісіге арнаған арнау өлеңдер жетеді ғой,  туған жер, Отан жайлы жыр оқып берем деп шештім. Сонымен, хош, Тұңғыш президент алдында сөз сөйлейтін спикерлердің соңымын. Ортаға шыққанда, тура алдымда отырған мемлекет басшысының  шаршап, ауырыңқырап отырғанын байқадым.  «Тәуелсіздік – аталарымыздың ақ арманы мен аналарымыздың бақ батасымен келген киелі ұғым. Біз – тәуелсіздіктің жастары, қасиетті қара қазанда қыз-қыз қайнаған қара судың бір-бір мөлдір тамшысымыз. Біз – тәуелсіздік тудырған есімдерміз» деп бастадым сөзімді. Арқаландырған ақындық рух па екен, мәтіннен жырақтап, басқа әңгіме айтып кетіппін. «Министрлік туған жер, Отан туралы өлең оқуымды сұрап еді. Бірақ мен осы қағиданы бұзғым келіп тұр» дедім. «Мынау не бүлдіргелі тұр?» дегендей ол кісі орнынан қозғалып, алға ұмсынып мұқият қарады. Махаббат жайлы өлең оқиын деп рұқсат сұрадым. «Алыстама» деген өлең оқыдым. Жалпы «Алыстама» деген өлең махаббат турасында болғанымен, қарапайым адами құндылықтарды еске салатын, адамдар бір-бірінен алыстамасын деген мағынадағы туынды еді. Ол кісі шынымен әсерленді. Фотоға түсуге жанымызға келіп, қолымнан алып рақметін айтты. Өлең деген әлем ғой. Ол кісі ғана емес, бүкіл залдағылар ерекше күйге бөленді.

– Бірінші рет жолығуыңыз ба?

– Бірінші рет. Кәдімгі қарияға тән ықылас-мейірімін сезіндім. Сондай бір сәттер болғаны рас.

– Саясатқа араласуыңызға, келуіңізге Назарбаевтың ықпалы болған жоқ па?

– Олай дей алмаймын. Осы кездесуден кейін мені көктемгі мерекелік шараға шақырды. Маған «мына қыз-келіншектерге сол кездегі өлеңіңді оқып берші» деді. «Бұл жолы басқа жыр-туған жер, Отан жайлы өлең оқимын» деп тағы да қағиданы бұзғаным бар. Жалпы «100 жаңа есім» жобасы атымызды бүкіл республикаға танытты ғой. Солардың ішінде мемлекеттік қызметке тағайындалғандар бар. Жалғыз мен ғана емес, «100 жаңа есім» жобасының тағы бір жеңімпазы Сырым Адамбаев деген депутатымыз бар. Жалпы бұл жоба талай жастардың шыңдалуына серпін берді деп ойлаймын.

МӘДЕНИЕТ ПЕН РУХАНИЯТТА ЖҮРГЕН АДАМДАРДЫҢ АНЫҚТАМАСЫ ЖОҚ

– Мәжіліске келгеніңізге екі жылға таяған екен. Өзіңіздің тікелей араласуыңызбен қандай заң дайындалды немесе дайындалып жатыр?

– Мәжіліске келгенде мақсатым айқын еді. Өзім руханиятта жүрген соң, бірінші мақсатым «Мәдениет туралы» заңды қолға алу болды. Тек қана мәдениет туралы заң емес, мәдениетке қатысты қаншама ілеспе заңдар бар. Өйткені мәдениетте, руханиятта жүрген адамдар нақты бір заңмен қорғалмаған. Өнердің төресі, атасы – сөз дейміз. Сол сөзді, өнерді тудырып жүрген адамдардың анықтамасы жоқ. Пышақтың қырындай жұқа ғана заңда мәдениетті насихаттаудың белгілі бір функциялары ғана көрсетілген. Оның ішінде ақын, жырау, суретші, жазушы сияқты көптеген ұғымдар заңда жазылмаған. Оның бәрі заңнамада қазақ тілінде ұғынықты жазылуы қажет. Екі жылдан бері «Мәдениет туралы» заңды ұсынған кезімде, басымдық берілмеді. Жақында ведомство аралық комиссия отырысында қорғап шықтым. Енді оң нәтиже берсе, Мәжіліске енеді.

– Заң жобасы нақты нені көздейді?

– Бұл мәдениет қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдемелерге қол жеткізуін, жалақысының өсуін, тағылымдамалардан өтіп, шетелдерде білімін жетілдіруді көздейді. Мәдениеттен бөлек, кітапхана саласын да алып шықтық. Қазір Жұлдыз Сүлейменова деген әріптесім екеуміз осы заң жобасын да ұсынып жатырмыз.

ҚАЗАҚСТАНДА ЕКІ ТҮРЛІ БАНДА БАР

– Мәдениет, ұлт, қазақ тілі мәселелеріне қатысты бірнеше рет депутаттық сауал жолдап келесіз. Қаншалықты нәтижесі бар? Сізді ести ме?

– Ең үлкені, өзектісі деп айтайықшы, ағылшын тіліндегі кітаптардың мазмұнына қатысты сауалым болды. Ол кезде ескі жүйе ғой. Әрине, шешімі өте қиынға түсті. Себебі 2016 жылдан бері баспаның Қазақстандағы ресми өкілі «EDU Stream» компаниясы шығарып келген. Кітапта Қазақстанның туы жерде жатады, Қазақстан төменде тұрады, қазақ балалары ебедейсіз қылықтарымен құбыжық бейнеде көзге түседі. Ұлттық салт-дәстүрлерге қатысты да кешірілмейтін суреттеулер бар. Осы мәселені басшыға барып, көтеруім қажет екендігін айттым. Айта алмаған күнде депутаттығымның мәні жоқ дегенге дейін келдік. Осы мәселені көтерген соң маған жан-жақтан қоңыраулар түсті. Келісейік, сіздің алдыңыздан өтейік деп жатты. Тіптен өздерін ақтау үшін «Егемен Қазақстан» сынды республикалық газетке сұқбат бере бастады. Әрине, миллиардтаған ақша ғой. Қайдан айырылғысы келсін?! Әріптестеріміздің арасынан «сіз қорықпайсыз ба?» деп бірнеше қайтара сұрағандар да болды. Не үшін қорқуым керек? «Мақпал, Қазақстанда екі түрлі банда бар. Біріншісі – наркотик, екіншісі – баспа» деді. Қалай болғанда да  олар жердің иесі кім екенін жақсы түсінуі керек. Құндылықтарға келгенде аяғын тартсын, халықтың мұрасымен ойнауға болмайтынын ескерттім. Ал кітап авторларының өзі қазақстандық азаматтар емес. Қаншама жылдан бері конкурстан еркін өтіп келген. Өзіңіз біліп отырсыз, жобаның төңірегінде миллиардтаған ақша айналып жатыр. Мұның жазасын кім өтейді? Балалар ол оқулықтарды әлдеқашан оқып кетті. Салт-дәстүр бұрмаланған. Домбыраның шығу тарихы да ойдан құрастырылған. Сорақы. Мұғалімдер көтерілді, ата-аналар шағымданды, қоғам дүрлікті. Көпке танымал, орыс тілді әріптесіміз «ұлтараздық тудырмайсыз ба?» деген мәтінде он шақты сұрақ қойып хат жолдапты. Сұрақ емес тергеу. Сол әріптесімізге «Мәжіліс мінберінде мемлекеттік тілдегі оқулықтар да сыналып жатады. Солардың қаншауын зерттеп-зерделедіңіздер?» деп өзінен сұрап едім, жауап жоқ. Нәтижесі сол, биыл баспа конкурстан өтпей қалды. 3-сыныптың оқулығын өз ақшасына шығарды деп естідім. Дегенмен менімен тартысқанына қарағанда, мүмкіндікті қолдан жібергісі келмеген сыңайлы. Олар өздерінің тарапынан ағаттық жібергенін мойындайды деп күттім. Өкінішке қарай, ондай болмады.

– Демек депутаттардың белгілі бір қоғамдық мәселелерді реттеуге ықпал ететіндей үні, күші бар болғаны ғой?

– Әрине. Бұл жерде бір ғана депутат емес, қаншама өзге әріптестердің қолдауы бар. Ең бірінші қолдайтын – халық. Халық ең бірінші нәтижені күтеді. Сауал жолдап қана қоймай, мандат уақытыңның аяқталғанына дейін бақылап, соңына дейін жеткізу – басты міндет.

«ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДЕПУТАТТАРЫ ҚАНДАЙ?»

– Азаматтық қоғамның салмағы, жаңа Қазақстан мен ескі Қазақстан айырмашылығы деген ұғымдарды айттыңыз. «Жаңа Қазақстан» депутаттарының бұрынғы депутаттардан айырмасы бар ма?

– Кішкене түзету, VII шақырылым депутаттары деп айтайық. Соның ішінде билікте болмаған, халықтың арасында жүрген өзім қатарлы азаматтар келді. Яғни, мемлекеттік басқару жүйесі туралы менің белгілі бір деңгейде білімім жоқ. Дегенмен өзім журналист ретінде халық арасында жүргендіктен көптеген мәселелерді жақсы білемін. Облыстық «Жетісу» газетінде жұмыс істедім, аудандарда тілші болдым ғой. Ерекшелік байқалып жатты. Біріншісі, қазақ тілі. Біз келе сала бірден қазақ тілін талап еттік. Әлеуметтік-мәдени даму комитетіндегілер бізге келетін министрдің, я мемлекеттік қызметкердің қазақ тілінде сөйлеуін талап еттік. Әрине, басында үлкен дау болды. Қазір Мәжілістің жұмыс барысы толық болмаса да, 80 пайызы қазақ тілінде өтеді. Біздің комитетте, өзіңіз білесіз, қаламгерлер, саясаткерлер, дәрігерлер, мұғалімдер бар. Таяуда мәжілістің отырысы толық қазақ тілінде өтсін және мәжілістегі бүкіл басшылар толық қазақ тілін білсін деген ұсыныс тастадық.  Сол норма өтпей қалды. Неге? Жұмыс тобының басшылығында отырған 5 депутат қарсы шықты. Біз жұмыс тобында болған жоқпыз, тек қол қойдық.

– Кімдер қарсы шықты?

– Қазақ тілін білмейтіндер қарсы шығып, ұсынысымыз өтпей қалды. Басшылыққа келу үшін қазақ тілін білуге міндеттісің ғой. Қазір Мәжілісте «Мемлекеттік қызметшілер туралы» заң жобасы талқыланып жатыр. Қазіргі таңда қазтестің мәні болмай тұр. Тесттен нөл алса да қызметке орналаса береді. Қажеттілігі жоқ. Бұл норманы қатаңдатуды бір топ депутаттың атынан ұсындық. Жұмыс топтарында талқыланып жатыр.

– Қаңтардан соң «Жаңа Қазақстан» тобы құрылды. Астана атауын өзгертуден бастап, көптеген мәселелерді көтеріп жүр. Білуімізше, осы топта жоқ сындысыз. Бұл топқа кімдер мүше және ол топтың көздегені не?

– Бармын. Негізі өзекті мәселелер көп. Бірақ соның барлығы жалғыз депутаттың атынан қозғалып жатса, нәтиже бере қоймайды. Мұнда барлық партияның мүшелері бар. Ал «Жаңа Қазақстан» тобы үлкен күш. Тек қана бір адамның ғана емес, 50 шақты депутаттың атынан жарияланатындықтан әсері де күшті болады.

– Қаңтарға дейінгі, қаңтардан кейінгі кезеңдерді көп айтамыз. Өйткені көп нәрсе өзгерді, талқылайтын да дүние көп. Назарбаев кезеңіне де тоқталдық. Өзіңіздің ол кісіге деген көзқарасыңыз қандай?

– Мемлекет басшысы ретінде Назарбаев көп нәрсе істеді, оны мойындауымыз керек. Тарихты ешкім өшіре алмайды. Дегенмен саяси жүйеде көп дүниені ақсағанын көрдік. Бір ғана құқық жүйесінде әлдінің әлсізге жасаған қорлығын көрдік. Сенімге селкеу түсті. Сол кісінің маңайында жүрген қаншама адамның былықтары анықталды. Халықтың осыншама жылдар бойы көп нәрседен құр қалғанын, желініп келгенін көзбен көрдік. Жемқорлық деген дендеп кіріп алған дерт болды. Батпандап шыға алмай жатыр. 10-15 жыл бойы төзіп келген халық қаңтарда жарылды.

– Қаңтарға дейін басқаша сөйлеп, қаңтардан соң дереу бас тартып шыға келген өзге әріптестеріңізді жиі байқаймыз...

– Енді ол кісілердің өзінің ойы, ұстанымы. Мен мұны жүйеге қарсылық, жүйеге айтылған сын деп түсіндім. Ол кісінің жасап кеткен «Мәдени мұрасы», «Ұлы даланың жеті қыры» жобалары керемет жасалған дүниелер. Астарына үңілсек, көп нәрсе бар. «Рухани жаңғырудың» өзін науқаншылдыққа салдық, қаншама ақша кетті. Негізінде өте қажетті дүниелер еді. Осындай дүниелерді қалай ұмытамыз? 

– Ал әлгіндегі әріптестеріңіздің қылығын қалай бағалайсыз? Екі президентке алма-кезек жағынудың бір сипаты ма, қалай түсінуге болады?

– Негізінде бұл оқиғалар бізге оңай болмады. Ашу да, ыза да бар. Елімізде болған қайғы-қасіреттің салмағы әлі күнге дейін ауыр тартып тұр. Соның әсері деп ойлаймын. Ал тіл тигізген күннің өзінде, ол қаншалықты мәдениеттілікке жатады? Сондықтан биліктің жоғары тармағында отырған азаматтардың төмендегенін қаламас едім.

МЕМЛЕКЕТ ЕСЕБІНЕН ЕКІ КІТАБЫ ШЫҚҚАН

– Қызметке белсене араласқан соң шығармашылығыңыз кейіндеп қалған жоқ па? Депутат болып тұрған тұста кітабыңыз шықты ма?

– Жаңа кітабым жарыққа шығып жатыр екен. Жақында кітапханадан сүйінші сұрады. Бұл енді мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітап. Шығатынын білген журналистер хабарласып, «депутат кітап шығарып жатыр ма?» деп сұраған болатын. Біріншіден, мен – шығармашылық адамымын, Оның үстіне бұл депутаттыққа дейін тапсырған кітабым болатын. «Құрақ көрпе» деп аталатын алтыншы жыр жинағым. Мемлекет есебінен екі кітабым ғана шыққан, қалғаны өз қаржыммен жарық көрді. Сенесіз бе, бұл жұмысқа келгенде қызмет, мансап деп келген жоқпын. Мәдениет пе, өзім жүрген әдебиет пе, бір шаруасын шешіп берейінші деген ниетпен келдім. Себебі кейде бұл маған өлеңнен де биік жауапкершілік сияқты болып сезіледі. Ақын болсам, өз өлеңімді жазып қойып, тіршілігімді жасап, кітабымды шығарып, кешімді өткізіп жүрсем, менің ғана үлесімдегі дүние болып қалар еді. Ал жалпы руханияттың жоғын түгендеп, мүмкіндік жасап жатсам, үлкен нәтиже сол болмақ. Күнделікті қайнап жатқан қарбалас жұмыс, заң талқыланып жатқан жұмыс топтары, келіп жатқан хаттар, комитет отырыстары, қоғамдық кеңестер өзіміз дайындайтын партия жұмыстары бар. Мысалы, жол картасы бағдарламасы бойынша 12 пунктке жауаптымын. Оның барлығы ерік-жігерді қажет етеді.

– Қазақ әдебиетінің қос алыбы Мағауин мен Исабеков арасындағы әдеби дау туралы көптің пікірі екіге жарылды. Мұндай пікір алуандығы қаншалықты керек?

– Жалпы мұндай даулар бірінші рет болып жатқан жоқ. Кезінде үлкен-үлкен мақалаларды «Қазақ әдебиетінен» оқып жататынбыз. Тарихқа, деректерге немесе әдебиетке қатысты даулар болса, дұрыс қабылдануы керек деген ойдамын. Өйткені шындық – бәрінен де қымбат. Бірақ сол шындықты әркім әрқалай көреді. Осы жолы дау Дулат Исабеков ағамыздан басталды-ау деймін. Мемлекеттік сыйлыққа қатысты. Меніңше, ол – ұсақ әңгіме. Біз мемлекеттік сыйлықтың қандай дәрежеде өтіп жатқанын түсіндік. Бұған дейін де болған дауларды жақсы білемін. Осы жолы шынайы баға берілмей жатқанын көзі қарақты зиялы қауым айтып та жатты. Осыған қатысты Мұхтар Мағауин ағамыз өзінің пікірін білдірді. Есімде, Ғалым Жайлыбай ағамыз қай бір жылы мемлекеттік сыйлық конкурсынан өтпей қалған болатын. Сол кезде де ол кісі өзінің пікірін білдірген. Яғни, бұл дұрыс. Ол кісі әділетсіздікті көріп тұр. Белгілі бір дәрежеде өзінің үнін білдіруге хақысы бар. Бұл жолы да бейтарап қалған жоқ. Бейтарап қалу деген – әдебиетке жаны ашымастық.  Дулат ағамыздың тарапынан «Мағауин неге араласады?» деген әңгіме қозғалмауы керек еді. Ағамыз келіспейтін болса, өзі де төрелігін айтсын. Алыптардың осындай ұсақтыққа бармағанын қалар едім.

– Осы жазда АҚШ-қа барған сапарыңызда Мағауинге сәлем бере барғаныңызды әлеуметтік желіден байқаған едік. Қандай әңгімелер айтылды?

– Біз АҚШ-та Конгрестің жұмысы аясында депутаттармен кездестік, ол – өзінше бөлек дүние. Бірақ сол сапарда Мағауинмен кездесуімді АҚШ-қа барғандағы негізгі миссиям болғандай сезіндім. Хабарласып едік, ол кісі бірден қабылдайтын болды. Жарты сағат жердегі көрші ауылға барған сияқты тез жеттік. Кейде осындай бір тылсым дүниелер болады ғой. Қатты қуанып бардым, ол кісінің ықыласын көріп, батасын алдым. Кітабын берді. Көп сөйлескен жоқпыз. Дегенмен қазақ деген қасиетті халықтың ыстық сәлемін, сағынышын жеткіздім. Ол кісі де сағынған жылы сөздерін арнады. Біз саясат туралы сөйлеспедік. Әдебиет хақында, адами сағынышпен сөйлесіп қайттық. Менің өмірімдегі ерекше сәт деп ойлаймын. Өйткені мұхиттың арғы жағындағы елге сапарға барғанда өзім бір көрсем деп жүрген алып тұлғаны көру, батасын алу – мен үшін үлкен мәртебе.

«28 МЛН ТЕҢГЕНІ МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫП БЕРГІМ КЕЛЕДІ...»

– Депутат болмай тұрғаныңызда әдеби кешіңізге байланысты дау қоғамда қызу талқыға түсті. Ақынға әкімдіктің 28 млн теңге бөлгенін әркім әртүрлі қабылдады. Сол кезде өзіңіз нақты ештеңе айтпадыңыз. Халық көңілінде күмән қалмасын, қазір айтып беріңізші.

– Ол кезде «Жетісу» газетінен 80 мың теңге айлық аламын, екі ауданда тілші болдым. Аудан-ауданды өз қаражатыма аралап, жастармен көп сөйлестім. Заманауи кеш өткізсем деген бір ойым болған еді. Сөйтіп шығармашылықта бірге жүрген әріптестеріммен ақылдаса келе, көз алдымызға жақсы бір концепция келді. Министрліктен, Астана әкімдігінен көмек сұрап едім, жақсы дүние екен деп құп алды. Бұл концепцияны іске асырған белгілі топ – өз міндетін алды. Мен ақын ретінде өз кешімнің кейіпкері болуым керек болды. Сол сахнада өнер көрсеткен бүкіл шығармашылық ұжымның ақшасы төленді. Киімдері, музыка, led экрандар, жалдау ақысы, артындағы қара жұмыстың еңбегі, декорация, бәрі сол ақшаға шықты. Біреуі қымбат айтқан шығар, біреуі асыра сілтеп айтқан шығар, өзім есеп жағында болған жоқпын. Оқырманыма кеш сыйлап жатырмын ғой деген қуанышты сезімде жүрдім. Бірақ кейін мен сайлауға түскенде бұл дау шықты. Айтылған сынды орынды деп қабылдадым, мойындадым. Шыны керек, менің басымда үй, қандай да бір кішігірім бизнесім болса, сол ақшаны мемлекетке қайтарып бергім келді. Бірақ сол ақша менің қолыма түскен жоқ қой, оның бәрі жаңа форматта өткен кештің құрылымына кетті. Жан-жақтан түрлі сайттардан сұрап жатқан соң, Qalamger.kz порталына көлемді сұқбат та бердім. Өкінішке қарай, олар оқымады. Дәл осы сынға іліккенім бекер де емес шығар. Алдымнан әлі де осы кешке қатысты сұрақ шықса, алдымен сол кешті көріп шығыңызшы, содан кейін әңгімелесейік деймін. «Ақ қанатты періште» – осы өмірдің қағидаларынан туған, ізгілікке жетелейтін миссиясы бар кеш. Мен үшін бір жағынан сүзгі болды. Болмысымды, табиғатымды, жалпы өмірімді біле тұра, жанымда жүріп тас лақтырып кеткендер де, қолдап, шынайы бағасын бергендер де табылды. Әр адам үшін мұндай кезеңдер маңызды деп ойлаймын.

– Сіз Абаевтың «үңгір ұлтшылдығы» деген мәлімдемесіне қатысты пост жаздыңыз, сізге қандай да бір қысым болған жоқ па?

– Болды. Қоңыраулар түсті. Сондай нәрселер қалыпты болғаны ғой. Әр депутатты шақырып алады, сөйлеседі. Маған тіпті айтты, политтехнологтар дайын отыр, келесі кезекте сізсіз деді. Әдеби кешті айтып, мынау да қорқытады, билік те қорқытады. Бәрін тастап, тұрып кеткің келеді. Жарайды, кеш өткен екен. Біреуді өлтірдім бе, азғындықты насихаттадым ба деген ой болады. «Мақпал керемет ақын емес», «Мақпал Фариза емес» деген сынды үш автор күніне үш посттан жариялады. Баяғы сол кешті қозғады. Әйел деп басынған да шығар. Көп ұзамай Мәжіліс басшылығы осындай күрестердің бір шебінде «Ерен еңбегі үшін» деген медаль да тапсырды. Шынын айтсам, қуана алмадым. Ел-жұрт алған марапатын қуанып желіге салып жатқанда, «Қара өлеңнен мойныма тұмар тақтым» деп тұмар тағып түскен суретімді жариялап қойдым. Яғни, мен үшін ұлтымның құндылықтары маңызды. Түсінікті ғой. Сондай бір кезеңдерден де өттік. Қазір едәуір өзгерді ғой, көп нәрсені ашық айта аласың.

КЕЗ КЕЛГЕН МӘСЕЛЕГЕ ӘЙЕЛ АДАМ ЖҮРЕГІМЕН ҚАРАЙДЫ

– Әйел болғаныңыз үшін ғана әділетсіздікке ұшыраған кезіңіз болды ма?

– Белгілі бір дәрежеде менсінбеушілік те бар. Белгілі бір дәрежеде әйел ғой деп шетке қағу да бар. Оны енді жасыра алмаймыз. Бірақ көбіне менің ішкі мәдениетім жеңеді. Сол ішкі мәдениетке, рухқа саламыз. Бірақ сол екі жылдың ішінде өзіммен жүрген әріптестерімнің арасында әйелдердің рөлі ерек екенін көрсете білдік. Бұл басы ғана шығар. Он ер азаматты орап алатын әйел адамдар бар. Қазақ қоғамындағы әйелдердің рөлі бәрібір басым емес. Мойындауымыз керек. Біздің өзіміз сол квотамен келдік қой осы Мәжіліске. Мұндай үрдісті ары қарай жалғастыруымыз керек. Саясатқа салқынқандылық керек деп жатады ғой. Бір байқағаным, сайлау болсын, жұмыс болсын, кез келген мәселеге әйел адам жүрегімен қарайды екен. Әйелдердің қоғамда білім алып, біліктілігін арттырып, дамығанын қалар едім. Қазір әділетсіздіктен, зорлық-зомбылықтан ашынып кеткен әйелдер көп. Оны біз жасыра алмаймыз. Бірақ жасыратын тағы да өздері. Ашынып кеткен топтар өз баласын да аямай, көп құндылықтардан аттап кетіп жатыр. Сондықтан олардың қоғамдағы рөлін реттейтін кезең келді деп ойлаймын. Мәселен, «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасында толық емес отбасын алып тастаған екен. Оның орнына жетімдер мен бірінші, екінші топтағы мүгедектерді қойған. Оны ешқашан алуға болмайды. Жалғызбасты аналар өте көп бізде. «Amanat» партиясы жанынан құрылған әйелдер қанаты осы мәселелерді реттеуге көмек болады деген ойдамын. Жуырда құрылған Орталық Азия елдерінің ісмер әйелдер қауымдастығының төрағалығы келесі жылы Қазақстанға тапсырылмақ. Жақын келешекте қауымдастық алаңы – еліміздің түпкір-түпкіріндегі ісмер әйелдердің кәсіби дамуына, әлемдік алаңға шығуына мүмкіндік береді. Кез келген жерде, саясатта болсын, әйелдердің белсене араласуы өте маңызды. Біз оған енді қадам жасап келе жатырмыз.

– Бүгін сізді басқа қырыңыздан тани бастағандаймын. Бәлкім сізге әлі де ашылу керек шығар?

– Өзімді көрсетіп қалуға тырыспаймын. Ішімде бір нәрсе қарсы болады да тұрады. Осы нәрседен арыла алмай-ақ қойдым. Мұхтар Мағауин ағамыздың кездесудегі бір сөзі ойымның үстінен дөп түсті. «Айналайын, қарағым, халықтың үні жоқ кезде көп нәрсені біз айттық, қазір халықтың сана-сезімі оянды. Рухы оянды. Өзі айтады. Бірақ айғай-сүреңге қосылып кетпе, - » деді. Осы дүниені көкейіме түйіп алдым.  Бір нәрсеге сенемін, айғай-ұранға салмай-ақ та мәселелерді концептуалды шешуге болады. Бұл – мәдениеттің бастауы.

«ҚАЛАМГЕРЛЕРДІ «БОЛАШАҚПЕН» ШЕТЕЛДЕ ОҚЫТУ КЕРЕК»

– Алдағы жоспарыңыз қандай деген дәстүрлі сұрағымыз бар.

– Әзірше жоспарым анық емес. «Мәдениет туралы» заңды енді ғана қолға алғандықтан, соның жауапкершілігі тұр. Мәжіліске енбестен кетіп қалсам, ол заң мүлде қозғалмайын деп тұр. Бірінші кезектегі ойлағаным – осы. Қайтадан сайлауға түсу де – үлкен тәуекел. Жалпы, бастаған ісімді нәтижелі аяқтағым келеді. Қазақтың өзінің өнерге қатысты төл заңы жазылуы керек. Осыған дейін заңнамаға енгізілген 70 шақты өзгерту мен нормаларды дайындауға қатысыппын. Ол да бір жақсы нәтиже. Сондай дүниелерге қарап отырып,ь жұмыс істегің де келеді.

– Егер кетіп жатсаңыз, қайда барасыз?

– Кетіп жатсам, жеке басыма емес, көпке ортақ дүниелер ашқым келеді. Тек қазақ тілі емес, түркіге ортақ мәдениетті қалыптастыруға күш салғым келеді. Ол жерде әдебиет, кино, өнер бар. Мына жерде жүріп көп тәжірибе жинақтадым, ары қарай өрбіткім келеді. Қазір екі ойлы хәлдемін. Есіңізде болса, қаламгерлердің шетелде оқуы керектігін айтып, депутаттық сауал жасадым ғой. Менің айтып отырғаным – жылына 3-5 қаламгерді Еуропаға жіберейікші деген мақсат. Жемісін беретін дүние. «Болашақ» құрылғалы бірде бір қаламгер шетелде оқып тәжірибе алмаған. Біздің мемлекеттің модулизациясын жасайтын осы интелегенция. Аударма саласы да ақсап тұр. Жастарға мүмкіндік беруіміз керек. Ғылым және жоғары білім министрімен осы сұрақ бойынша сөйлестік. Партия жанындағы қоғамдық кеңесте де көтердім. Шешеміз деп отыр. Демеушілерге де осы идеяны қолдауға шақырып жүрмін.

– Қаңтарды көп айттыңыз, қаңтардан кейін қандай көңіл күйде қалдыңыз?

– Қаңтар туралы Жақсыбек Құлекеевтің кітабы шықты ғой. Оқып шықтым. Қаңтардың үлкен құрбандықпен келгенін мойындаймын. Қаншама қан төгілді, бірақ миссиясы үлкен болды. Көп нәрсені шешті. Бұзылмай тұрған сеңді бұзды. Сондықтан дәл қазір мемлекет басшысы өте қиын кезеңде тұр. Күш әлі де солардың қолында. Әлі де кедергілер көп, оны жақсы сезінеміз. Әлем өзгеріп жатыр. Уақыт өзгеріп жатқан сияқты. Футболдың өзінде өмірі жеңіс көрмеген командалар алып жатыр ғой. Соңғы кезде мені мазалайтын мәселе – адамзаттық өмірде болып жатқан әлемтапырық оқиғалар. Өмір тез өзгеріп жатыр. Соған қарап, бейбітшілікті аңсайсыз. Менің мемлекетімде ғана емес, әлемде тыныштық болса екен деп тілейміз. Бәріміз жер планетасында өмір сүріп жатқан халықтар ретінде адамдар бір-бірінің қадірін біліп, өмір сүрсе екен деген ой мазалайды. Осы ойдың жетегімен өлең де жаздым. Әлептапырық, есі ауысқан патшалардың ісіне деген күйініш. Сондықтан әлем тек жақсылық жасаумен үлкейетінін түсіндіргің келеді. «Адам байлық жинамауы керек, өзі байлыққа айналуы керек» деген сөз бар ғой. Құндылық деген – осы, түсіне білгенге.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Ая Өміртай
Фото: Әлиакпар Қадырбаев

Серіктес жаңалықтары

Сараптама