Бас прокуратура Тасмағамбетовке қатысты тергеу туралы ақпаратты жоққа шығарды

Халық үні

«Оның LRT-дағы ұрлыққа қатысы бар» деген еді кейбір дереккөздер

коллаж: Halyq Uni

Бас прокуратура Иманғали Тасмағамбетовке қатысты тергеу жайлы тараған мәліметке қатысты түсініктеме берді.

Әлеуметтік желіде Бас прокуратура ведомствоаралық жедел-тергеу тобының Иманғали Тасмағамбетовке қатысты оның «Астана LRT» ЖШС-тегі ұрлыққа қатыстылығы дерегі бойынша тексеру жүргізіп жатқаны жайында хабарлама тарап жатыр. Бұл мағлұмат шындыққа жанаспайды, - деді Бас прокуратура.

Олар қазақстандықтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды. 

Бұған дейін Бас прокуратура Тасмағамбетовке қатысты хабарды растамады, жоққа да шығармады.

Атап өтсек, белгілі журналист Михаил Козачков Алматы мен Астана әкімі болған, қорғаныс министрі лауазымын атқарған Иманғали Тасмағамбетовтің сол қызметтерде жүрген кезінде жемқорлыққа қатысы бары жайлы мәлімдемелерді тексеретін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын жазды. Осы ақпардан кейін тағы бір дереккөз (Чиновник KZ) экс-саясаткер Тасмағамбетовті тексеруге қатысты Бас прокуратурада ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын айтып, журналистің мәліметін растайтынын жеткізді.

ИМАНҒАЛИ ТАСМАҒАМБЕТОВ

Ол – Нұрсұлтан Назарбаевтың ең алғашқы көмекшілерінің бірі. 1993 жылдан 1995 жылдар аралығында президент көмекшісі, 1998-1999 жылдары президенттің бірінші көмекшісі болды. Өзінің саяси мансабында білім және ғылым министрі, қорғаныс министрі, президент әкімшілігі жетекшісі, мемлекеттік хатшы, үш рет әкім (Атырау облысы, Алматы, Астана), төрт рет әртүрлі премьер-министр орынбасары, бір рет премьер-министр қызметін атқарды. Соңғы лауазымы – Қазақстанның Ресейдегі елшісі.