×

Коммуналдық қызметтердің қымбаттауына реттелмейтін факторлар әсер етеді - сарапшылар

Оның ішінде инженерлік инфрақұрылымның тозуы мен инфляция деңгейінің жоғары болып тұрғаны бар

 Еркеғали Болатұлы 26.12.2022 | 14:55
фото: inform.kz

Қазір еліміздегі инфляция деңгейі 19,6 пайыз болғанмен, бір жыл ішінде ақылы қызметтердің құны 14,1 пайызға ғана өскен. Мұндай болжамды Finprom сарапшылары ұсынып отыр.

Егер тек коммуналдық саланы есепке алатын болсақ, газ бағасы мүлде өзгерген жоқ, жылу бар болғаны 1,1 пайызға, суық су 1,2 пайызға, кәріз жүйесінің қызметі 2,9 пайызға қымбаттаған. Бәрінен бұрын электр энергиясының бағасы бір жыл ішінде бірден 8,1 пайызға артқан. Алайда бұл көрсеткіштің өзі елдегі жалпы инфляция деңгейінен 2 еседен аса көрсеткішке төмен.

Дегенмен алдағы уақытта коммуналдық қызметтердің бағасы тез көтеріле бастауы әбден мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, инженерлік инфрақұрылымның тозуы мен инфляция деңгейінің жоғары болып тұрғанын ескерсек, тарифтердің құны өседі деп топшылауға болады. Уәкілетті органдар қанша тырысып баққанмен, осындай кей фактор бағаның өсуіне түрткі болады.

Мәселен, сарапшылар реттелмейтін факторлардың ішінде барлық логистикалық процесс құнының өскенін атап өтті. Бұған дейін коронавирустық пандемия әлемді дүр сілкінтіп, бұл жайт жеткізілім тізбегін бұзса, артынша жаһандық геосаяси дағдарыс басталып, жағдай ушыға түскен.

Бұрын Қазақстанға техникалар, машиналар, жабдықтар, аппаратуралар, құрал-саймандар, қосалқы бөлшектер мен шығын материалдары Ресей арқылы жеткізілетін. Бірақ қазір бұл бағыт қолжетімді емес және барлығын тікелей өндірушілерден жеткізуге тура келеді.

Сондай-ақ тауарлар қазір тек Еуропа елдерінен ғана емес, сонымен қатар Жапония мен Кореядан тікелей жеткізіледі. Ал ол бағаның айтарлықтай өсуіне әкеп соғады.

Сондай-ақ бағаның өсуіне валюта бағамы әсер етуі мүмкін. Былтыр доллар 432 теңге болса, қазір Ұлттық банк белгілеген америкалық валютаның ресми бағамы – 461,97 теңге. Ал биыл көктемде 1 доллар 510 теңгеге дейін өскен еді.

Сондай-ақ теңге еуро мен ресей рубліне қатысты да әлсіреді. Бұл ресейлік жеткізушілермен жұмыс істейтін компанияларға соққы болып тиіп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама