Ресей Қорғаныс министрі армияға 350 мың адам алынатынын айтты
РФ қарулы күштерінің саны 1,5 миллион әскерге дейін барады
Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгу жақын арада әскер қатарына тағы 350 мың адам шақырылатынын жария етті. Бұл туралы The Moscow News хабарлады.
Ресей қарулы күштерінің санын 1,5 миллион адамға дейін жеткізуіміз қажет, – деп мәлімдеді Қорғаныс министрлігінің алқасында сөйлеген сөзінде ведомство басшысы.
Оның айтуынша, армияға қосымша мобилизация жасау «Ресей Федерациясының әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді кепілді түрде шешу үшін» керек.
Қазір Ресей армиясының штатында 1,01 млн әскери қызметкер бар. Ал алдағы жылғы 1 қаңтарда ол әскер санын РФ президенті Владимир Путиннің тамыз айының соңында қол қойған жарлығына сәйкес, 1,15 миллионға дейін көбейткелі тұр. Осылайша армия қатарына алынатын жаңа лектің саны 350 мың адамға барады. Шойгудың айтуынша, осымен бір мезгілде Қарулы күштердің ұлғайтылған құрамының 695 мың сарбазы келісімшартпен алынғандар болады.
Қорғаныс министрлігіне қосымша күштер «НАТО-ның Ресей шекарасында әскери әлеуетін арттыруға ұмтылуына», сондай-ақ өзінің құрамына Швеция мен Финляндияны кіргізіуіне байланысты қажет, – деді Шойгу.
Сондай-ақ ол Солтүстік альянстың Шығыстағы ауқымы кеңейе бастауы Ресей үшін «қатер» болатынын айта отырып, енді Ресейдің солтүстік-батысында әскери тиісті топтар құру талап етіліп отырғанын түсіндірді. Айтуынша, әскер санын көбейту Херсон және Запорожье облыстарында жаңа әскери құрылымдар құру және қолда барларын қайта құру үшін, сондай-ақ Әскери-теңіз флотының жаяу әскерлері үшін керек.
Қазір бізге әскерлердің мүмкіндіктерін көтеріп, ұрыс қимылдарын күшейтуге қол жетті, – деп мәлімдеді министр.
Шойгудың айтуына қарағанда, осы күндері Луганск мен Донецк облыстарындағы әскер саны 24 ақпандағыдан 5 есе көп. Президент Владимир Путин Сергей Шойгу айтып отырған қарулы күштердегі құрылымдар бойынша жаңғыртуларға келісетінін білдірді.