×

Мұғалімді балағаттаған оқушы: Білім министрлігі мәлімдеме жасады

Әлеуметтік желіде ұстазға айғайлап, боқтық сөздер айтқан оқушының видеосы тарап кетті

 Қымбат Елтайқызы 12.03.2022 | 11:00
фото: ашық дереккөзден

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Талдықорғанда мектеп оқушысынан балағат сөз естіген мұғалімге қолдау білдірді.

«Отандастарым сияқты мен де Талдықорғандағы №4 орта мектепте түсірілген мұғалім мен оқушы арасындағы жағдай туралы видеоны көрдім. Әрине, оқушының ұстазға дауыс көтеріп сөйлегені көңілімді түсірді. Қай заманда болмасын азаматтарымыз үлкендерге, әсіресе ұстаздарға құрметпен қарайтын, оларды сыйлайтын. Үлкенді сыйлау, отбасы құндылығы, адалдық, инабаттылық, еңбексүйгіштік, білімге құштарлық, заңға бағыну және отансүйгіштік болашақ ұрпақты тәрбиелеудің негізі болуы керек», - деп жазды Аймағамбетов Telegram-да.

Министр бүгін №4 орта мектептің мұғалімімен телефон арқылы сөйлескенін, ол білім саласында 11 жыл қызмет ететінін айтты.

Әріптесіме қолдау сөздер айтып, қажырлы еңбегі, шыдамдылығы мен адалдығы үшін алғыс білдірдім, - деді Аймағамбетов.

Оқушы мен ата-анасына қатысты заңнамаға сәйкес шара қабылданады. Әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ баланың ата-анасына қатысты әкімшілік іс қозғалды. Енді шешімді Алматы облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қабылдайды.

«Өз тарапымнан педагогтерге деген мұндай қарым-қатынасты, көзқарасты жойып, жолын кесу үшін қатаң шаралар қабылдайтынымызды ескертемін. Қоғамда мұғалімнің мәртебесі жоғары болуы керек. Бұған дейін оқушыға психологиялық көмек көрсету және оны есепке қою туралы мәселе қаралатынын хабарлаған болатынбыз», - деді ведомство басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама