Елімізде «доллар» неге жетіспейді - Ұлттық банк түсініктемесі
Қазір қазақстандықтар айырбастау пунктері мен банктерден «доллар» таппай қалды
Ұлттық банк айырбастау пунктеріндегі қолма-қол шетел валютасына қатысты жағдай жайлы мәлімдеме жасады.
Айырбастау пунктерінде және екінші деңгейлі банктерде қолма-қол долларды сатуға немесе шығарып алуға шектеу қоюға қатысты сауалдардың көптеп түсуіне байланысты Ұлттық банк елімізде шетелдік валютадағы операцияларға шектеу енгізу туралы қаулы немесе басқа да заңға тәуелді актілер қабылдамағанын хабарлайды, – делінген мәлімдемеде.
Сонымен бірге қолма-қол шетел валютасын шығару кезінде туындаған қиындықтар, ең алдымен, халық тарапынан сұраныстың өсуіне, сондай-ақ шиеленіске толы геосаяси жағдай аясында Қазақстанға басқа елдерден қолма-қол шетел валютасын жеткізудегі логистикалық кедергілерге байланысты туындап отыр.
«Қазіргі жағдайды ескеріп, Ұлттық банк АҚШ-тың орталық банкі - Федералдық резервтік жүйеден қолма-қол шетел валютасының қосымша көлемін жеткізу амалдарын қарастырып жатыр. Сондай-ақ бізде қолма-қол ақшаны көлік компанияларымен өз уақытында жеткізуді қамтамасыз ету үшін барлық қажетті келісім бар екенін мәлімдейміз», – дейді Ұлттық банк.