Қаңтарда Ресейдің емес, өз күшіміздің арқасында тәуелсіздігімізді сақтап қалдық – Мәулен Әшімбаев
Мемлекеттің тұрақтануына, қылмыстық топтармен күресуге өзіміздің күштік құрылымдар жұмылдырылды
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «Сұрауы бар» Youtube арнасына берген сұхбатында қаңтар оқиғасына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Журналист Ербол Сейілхан: «Үлкен жиындарда Владимир Путин, Александр Лукашенко ҰҚШҰ Қазақстанды сақтап қалды, Қазақстан бізге қарыздар деген әңгімені жиі көтереді. Бізді расымен Ресей мен Беларусь сақтап қалды ма?» - деп ашық сұрақ қойды.
Мәулен Әшімбаев бұл сұраққа қатысты Сыртқы істер министрлігі әлдеқашан жауап бергенін еске салды. Қаңтар кезінде ҰҚШҰ әскери кейбір стратегиялық нысандарды күзетуге көмектескенімен, бұл жекедара Ресей немесе Беларусьтің әскері емес. Қазақстан да мүше болып табылатын халықаралық ұйымның бітімгерлері дейді Әшімбаев.
Ол да көмек болды. Бірақ мемлекеттің тұрақтануына, қылмыстық топтармен күресуге өзіміздің күштік құрылымдар жұмылдырылды. Қасіретті қаңтар оқиғасы тәуелсіздік жылдарындағы ең күрделі сын-қатер болды десек, оны ішкі әлеуетіміздің арқасында еңсеріп, тәуелсіздігімізді сақтап қалдық. Негізгі салмақ өзімізге түскені анық. Сол себепті ұйымнан келген күштердің бізге жасаған еңбектерін тым көтеріп айту да дұрыс емес шығар – дейді Сенат төрағасы.
Интервьюер: «Біз ешкімге қарыздар емеспіз ғой?» - деп қайта анықтап сұрады. Бұл сұраққа спикер:
Олар міндетін орындады. Солардың арқасында біз тәуелсіздігімізді сақтап қалдық деп айту шындыққа сәйкес келмейді. Күштік құрылымдарымыз бар, президентіміздің қажырлы еңбегінің арқасында тәуелсіздігімізді сақтап қалдық - деп түйіндейді Мәулен Әшімбаев.