Татарстан депутаттары Орталықтың шешіміне қарсы шықты

Дастан Жұмабекұлы

Мемлекеттік кеңес «президент» мәртебесін сақтап қалғысы келеді

фото: rbc.ru

Татарстан Республикасы Мемлекеттік кеңесінің депутаттары республика басшысын президент деп атауға салынған тыйыммен келіспей, Орталықтың шешіміне қарсы шығып жатыр. Бұл туралы «Коммерсантъ» басылымы хабарлады.

Татарстан Мемлекеттік кеңесінің депутаттары өңір Конституциясына республика президентін бұдан былай «басшы» деп атауды заңдастырып беретін өзгеріс енгізуден бас тартты, – деп жазады басылым.

Мәліметке сүйенсек, жергілікті Парламенттің мемлекеттік құрылыс жөніндегі комитеті әріптестерінің жоғарыдан осыған байланысты берілген бастаманы қабылдамай тастауына әрекет жасаған. Комитеттің бірнеше мүшесі өңірде «Татарстан президенті» лауазымын сақтап қалуға шақырды. «Единая Россия» партиясының депутаты Марат Галеев оның 1991 жылғы алғашқы сайлауда енгізілгенін және «халықтың президент лауазымы үшін дауыс бергенін» еске түсірді.

Оны осылай қалдыру керек. Кез келген ережеден шығып кете алатын мүйістер болады, – деп, оны коммунистер басшысы Хафиз Миргалиев те қолдады.

Сондай-ақ депутаттар Татарстан президентінің орынтағына үміткерге қойылатын талаптардың бірі – екі мемлекеттік тілді де білу жөніндегі қағиданы алып тастауға тырысты. Өйткені мұндай жағдайда орыс тілі озады да, татар тілі далада қалады.

Татарстан Конституциясына енгізілетін түзетулер жобасында республиканың егемендігі мен 2017 жылы мерзімі аяқталған өкілеттікті шектеу туралы келісімшартты еске түсіретін жолдар мәтіннен алынып тасталған. Сондай-ақ бастама бір адамға басшы лауазымына екі реттен артық сайлануға тыйым салады. Татарстанның депутаттарына бұл шектеу де ұнаған жоқ.

Әзірге Татарстан Ресейдегі республика басшысы «президент» аталатын жалғыз өңір болып қалып тұр. Қалған республикалардың бәрінің президенттері қазір 2021 жылдың соңында қабылданған «Ресей Федерациясындағы бұқаралық билік пен субъектілерді ұйымдастырудың жалпы қағидаттары туралы» заңға сәйкес «басшы» болып аталады.

Татарстан Мемлекеттік кеңесінің депутаттары заңнамадағы инициативаларды басында-ақ қолдай қоймаған. Ал Кремльдегілер ол заң жобасына оң баға беріп отыр. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков елде бір ғана президент болуы керектігін алға тартты. Ал Миннихановтың пікірінше, жаңа заң жобасының авторлары оны қабылдамас бұрын Татарстанға арнайы келіп, өңірлік Парламент мүшелерімен кеңесіп алулары керек еді. Ол жергілікті парламентарийлердің бұл мәселені Мемлекеттік дума қарап жатқан кезде-ақ талқылап, өз бағаларын бергенін еске түсірді.

«Біздің Парламенттің позициясы белгілі екеніне қарамастан, осындай заң қабылданып кетті. Бұған қазір қалыптасып отырған тарихи жағдайдың әсер еткені түсінікті. Бірақ біз бір-бірімізді тыңдауымыз керек. Заңның қабылдап кеткені белгілі, біз – заңды тыңдайтын адамдармыз. Алайда біздің даусымызды ешкімнің тыңдамағанын айтуымыз керек», – деді Минниханов журналистерге.