×

«Қазақстан – біздің ең жақын әрі сенімді серіктесіміз» - Шавкат Мирзияев

5 миллиард долларға жуықтаған өзара сауда көлемі қарқынды өсіп келе жатыр

 Дастан Жұмабекұлы 22.12.2022 | 17:47
фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Республикасының мемлекет басшысы Шавкат Мирзияевтің шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөзде көрші елдің лидері Қазақстанды ең жақын әрі сенімді серіктесі екенін айтты.

Кездесу басында Өзбекстан президенті мемлекет басшысын және Қазақстан халқын 16 желтоқсанда аталып өткен Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтады.

Мемлекеттер басшылары бұл келіссөздер Қазақстан мен Өзбекстанның стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарын дамытуға жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

Өзбек пен қазақ халқы жақын көрші ғана емес, ортақ тарихи мұрасы, мәдени-рухани құндылықтары байланыстырған бауырлас халық. Бұл – біздің баға жетпес байлығымыз. Біз оны бағалаймыз және ардақтаймыз. Біздің тағдырымыз – бір, болашағымыз – ортақ. Мен осыған сенемін, – деді Шавкат Мирзияев.

Кездесуде саяси, сауда-экономикалық, энергетика, ауыл шаруашылығы, су және басқа да салалардағы қарым-қатынастарды түбегейлі кеңейту мәселелері келіссөздердің басты тақырыбы болды.

Екі елдің соңғы 6 жылда ынтымақтастықтың барлық салаларында айтарлықтай жетістіктерге жеткені атап өтілді. Екі елдің Үкіметтері, министрліктері мен ведомстволары, облыс әкімдіктері арасындағы диалогтар тұрақты сипатқа ие болып отыр.

Мемлекет басшылары 5 миллиард долларға жуықтаған өзара сауда көлемі қарқынды өсіп келе жатқанын атап өтті. Ірі кооперативтік жобалар сәтті іске асып жатыр.

Кездесуде аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасылып, Орталық Азияның тұрақты дамуын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ көпжақты құрылымдар аясындағы өзара тиімді ынтымақтастықты бұдан кейін де жалғастыруға ұмтылыс бар екені баса айтылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама