Ресей генералы Украинадан соң Әзербайжанға кезек келетінін айтты
Ол Бакудың Түркия мен АҚШ-ты тыңдайтынына ашулы
Ресей генералы, РФ армиясының ардагері Константин Сивков Украинаны бір жақты етіп алған соң, Әзербайжанның атқыланатынын айтты. Бұл туралы «Диалог.UA» хабарлады.
Ресей генералы мұны «Украина 365» атты telegram-арнаға берген сұхбатында сөз еткен.
Біз Украинамен мәселені шешіп алғаннан кейін Әзербайжанмен есеп айырысатын боламыз. Әзірше Ресей Әзербайжанмен дипломатиялық канал бойынша жұмыс істей береді, – деді ол.
Сивков Бакудің Мәскеуге қолдау көрсеткісі келмей, Түркия мен АҚШ-ты тыңдайтынына айрықша ашулы екен. «Ресей мұны ұмытпайды», – деп қаһарын төкті әскери сарапшы.
«Украинадан соң біз Әзербайжанды бомбаның астына алатын боламыз», – деді одан әрі.
Осыдан кейін бірден генералға қоңырау шалып, өзіне айбат көрсететіндер қаптап кеткен. Олардың арасында Мәскеуде тұратын әзербайжандар да аз болмаған.
РФ ракета және артиллерия ғылымдары академиясы басшысының орынбасары Константин Сивковтан өз өміріне қауіп төнгені жөнінде шағым түсті. Қазір Ресейдің қылмыскер армиясының генералы Әзербайжанды бомбалау жөніндегі сөздері үшін өзімен есеп айырысатындар көбейгенін айтып, тісін қайрап отыр, – делінген хабарламада.
«Мені отбасыммен бірге құртып жіберетін болып, қоқан-лоққы жасаушылар көп. Әзербайжан диаспорасы мені аңдып, аулаудың басталып кеткенін ашық айтып жатыр», – деп мұңын шақты Сивковтың өзі.
Сарапшы өз еліндегі «жаудың жаулығынан» құтқарулары үшін енді Федералды барлау қызметіне шағым айтып барғысы келіп отырған көрінеді.