Зеленскийдің АҚШ-қа сапары. Байден не деді?
Украина президенті Конгресті көмек беруге көндірді
Украина президенті Владимир Зеленский Вашингтон қаласына барып, АҚШ президенті Джо Байденмен және Конгресс мүшелерімен кездесті.
АҚШ президенті зайыбымен бірге Украина басшысын Ақ үйдің кіребересінде сән-салтанатпен қарсы алды. Содан кейін үшеуі Рождество мерекесіне орай әдемі безендірілген Ақ үйдің төріндегі орындыққа жайғасып, әңгімелесті. Осы жерде Зеленский Байденге Бахмутта болған сапары кезінде украин сарбазының берген орденін табыс етті.
Оның айтуынша, HIMARS батареясының капитаны бұл марапаттың АҚШ президентіне берілуін қалаған. Байден бұл орденнің құнды екенін айтып, жақсы ишара білдірді. Сондай-ақ АҚШ-тың Украина халқы және оның көшбасшысымен бірге екенін жеткізді.
Зеленский АҚШ-қа ертерек келгісі келгенін, бірақ «жағдай тым қиын болғандықтан» келе алмағанын жасырмады.
АҚШ-қа енді келгенім, қолдаудың арқасында біздің жағдайды бақылап отырғанымызды білдіреді. Әрине, бірінші кезекте сіздің қолдауыңыздың арқасында, – деді ол америкалық әріптесіне бұрылып.
Кездесуде Украинаның президенті Вашингтонға сапарының маңыздылығын айтып, Ресейді айыптады. Байден басын изеп, оның әрбір сөзін қолдап отырды.
Зеленский АҚШ басшысына РФ-ның қыс мезгілін пайдаланып, Украинаның бейбіт халқына шабуылдарды күшейтіп жатқанын, соның кесірінен көптеген жылу-электр орталықтары істен шығып, тұрғындар жылу мен жарықсыз қалғанын атап өтті.
Өкінішке қарай, шабуылдардың кесірінен тұрғындар Рождество және Жаңа жыл мерекесін жарықсыз және жылусыз қарсы алайын деп отыр. Мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін. Осы кезге дейін украин халқы бәріне шыдады. Біз тәуелсіздігіміз үшін күресе береміз. Енді екі күннен кейін жаңа айтқанымдай, Рождествоны майшаммен қарсы аламыз. Өйткені бізде жылу да, жарық та жоқ. Оны Ресей талқандады. Сондықтан біз көмек сұраймыз, – деді ол.
Осыдан кейін Джо Байден Америка Құрама Штаттарының Украинаның өз жерін, тәуелсіздігін қорғауға көмектесетінін, әуе қорғанысы жүйесін одан әрі нығайтуға қажетті құралдардың бәрін беретінін айтты.
Біз Украинаны барлық жағынан қолдауды жалғастырамыз. Украина бейбітшілік үшін күресіп жатыр. «Бізге осы қару керек» десе, оны да береміз, – деді Байден.
Кездесуде Зеленский АҚШ президентінен 300 шақырымға дейін жететін ATACMS кешендерін, Grey Eagle мен Reaperс соққылаушы және барлаушы дрондарын сұрағысы келген деген дерек бар. Әзірше бұл ақпарат туралы мәлімет еш жерде айтылып жатқан жоқ.
Украина президенті Ақ үйден шыққан соң, АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының төрағасы Нэнси Пелосимен кездесті. Одан кейін Конгресте сөз сөйледі. Оған конгресмендер тік тұрып қошемет көрсетті.
Конгресте Зеленский әуелі Бахмуттағы Украинаның сарбаздары қол қойып, алғыстарын жазған туды табыс етті. Сонымен қатар, Ресейдің ендігәрі Украинаға бақылау жасап, украин халқының санасына ешқашан ықпал ете алмайтынын айтты.
Украина соғыс басталғалы бері өз елін, өз жерін, тәуелсіздігін қорғап жатыр. Мен жақында Бахмутқа барып келдім. Бұл қаланың шетінде қиян-кескі шайқастар болып жатыр. Бүгінгі Бахмут шайқасы жалпы соғыстың ертеңгі сценариін анықтайды. Егер сіздердің Patriot жүйелеріңіз Ресейдің бізге қарсы террорын тоқтататын болса, онда ол біздің бостандығымызды сақтап қалады, – деді ол.
Одан әрі Зеленский Ресей Украинаның қалаларын жойып, жермен-жексен етіп жатқанын, бұл геноцидтік соғыста ол өзіне жақтас тапқанын айтты.
«Ол – Иран. Иран өзінің жүздеген, мыңдаған дронын Ресейге беріп отыр. Бұл – біздің маңызды инфрақұрылымдарымызға төнген қауіп. Осылайша, екі терроршы бір-бірін тауып, бір-бірін қолдап отыр», – деп жалғастырды ол сөзін.
Конгресте Зеленский АҚШ-қа не үшін келгенін жасырмады. Оның айтуынша, Украинаның Қарулы күштерінде артиллерия бар. Бірақ ол жауды жеңуге жеткіліксіз. «Артиллерия жауды жеңуге жеткілікті ме? Жоқ! Сол себепті біз сіздерден көмек сұраймыз», – деп ашық айтты.
Осы ретте Зеленский АҚШ-тан Украина үшін соғысуды сұрап жатпағанын, Американың берген қаруларымен өздері соғысып, жеңіске жете алатынын жеткізді.
«Сіздерге біз үшін соғыс демейміз. Украина сарбаздары америкалық ұшақтармен, танктермен өздері-ақ соғысады», – дегенде Конгресс мүшелерінің бәрі орындарынан түрегеліп, қол шапалақтады.
Сіздердің ақшаларыңыз қайырымдылық емес. Сіздердің қолдауларыңыз – жаһандық демократияға инвестиция. Біз осы инвестиияны тиімді пайдаланып келеміз және пайдалана береміз де, – деді ол.
Осыған байланысты Зеленский АҚШ Patriot қаруын берсе, майдандағы жалпы ахуал 180 градусқа өзгеріп шыға келетінін айтты.
Басқыншылар Бахмутты жаулап алғысы келеді. Ресей Бахмутты мамырдан бері ала алмай, күн сайын шабуылдап жатыр. Бахмут берілген жоқ. Оларда ұшақ пен танк және басқа да техника көп. Адам саны бізден әлдеқайда артық. Артиллериясында сан жоқ. Солай дегенмен, біздің жауынгерлер қолда бар мүмкіндікпен соғысып жатыр. Бізде де артиллерия бар. Бірақ ол жерлерімізді азат етуге жете ме? Жоқ. Жетпейді. Сондықтан соғыстың траекториясын өзгерткіміз келсе, бізге жаңа қарулар керек. Егер Patriot қаруын берсеңіздер, біз азаттығымызды қорғай аламыз, – деді ол.
Содан кейін Зеленский АҚШ-тың Украинаға көмек ретінде 45 млрд доллар беретініне сенім білдірді. Конгрестің Өкілдер палатасының төрағасы Нэнси Пелоси 45 млрд доллар көлеміндегі көмек мәселесінің 48 сағатта шешілетінін мәлімдеді. Ал Джо Байден әзірше Украинаға 2 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржылай көмек беруге қол қойғанын, басқа көмектің алдағы уақытта болатынын айтты.
Осылайша, Зеленскийдің АҚШ-қа сапары аяқталды. CBS телеарнасының мәліметінше, Украина басшысы Құрама Штаттардан кейін Ұлыбритания, Франция және Германияға баруы мүмкін.