Halyq Uni логотип
×

Тоқаевтың фотосынан кейін садақ атуға қызығатындар көбейді – федерацияның вице-президенті

Елімізде екі мың адам садақ ату спортымен айналысады

 Айгерім Таубай 22.12.2022 | 12:15
Тоқаевтың фотосынан кейін садақ атуға қызығатындар көбейді – федерацияның вице-президенті
Halyq Uni

Садақ ату – ұлттық спорттың бір түрі. Қазір елімізде ұлттық спорттың бұл түрімен екі мың адам айналысады. Кейінгі жылдары спортшылар шетелдік додаларда бақ сынап, үздіктер қатарына енді. Бұл туралы Дәстүрлі садақ ату федерациясының вице-президенті Диас Ахметов Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында айтты.

Сондай-ақ ұлттық спортты қазақстандықтар арасында насихаттау үшін не істеу қажет екеніне тоқталды.

– Елімізде садақ ату спорты қалай дамып жатыр? 

– Ұлттық спорттың бұл түрі ел көлемінде қарқынды дамып келеді. Федерацияның аймақтарда филиалдары бар. 3 жыл бұрынғы жағдайға қарағанда спортшылардың саны артып, 2 мың адамға жетті. Бұған дейін небәрі 50 адам болды.

Садақ ату – спорттың қызық әрі әдемі түрі. Садақ ерте кезден халқымыздың негізгі қорғану және аң аулау құралы ретінде белгілі.

– Садақ атуға қызығушылықтың артуына президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың демалыс кезінде түскен фотосының әсері болды ма?

– Иә, жақсы әсер етті. Президенттің фотосынан кейін қызығушылар көбейіп, тіпті челлендж басталды. Ел арасында танымал адамдар садақпен фотоға түсе бастады.

– Шәкіртіңіз «Алтын тұғыр» сыйлығын алды. Қай жарыста бақ сынады?

– «Үздік дәстүрлі садақ ату мергені» аталымы бойынша Қанат Қасымхан үздік деп танылды. Ол Түркияда өткен дүниежүзілік көшпенділер ойындарында екінші орын алған еді.

Садақ ату спортының дамуының бірден бір себебі – жастардың еркін ойлауы. Себебі олар өз халқының болмысын, ұлттық құндылығын көрсетуден тартынбайды. Жастар өз тарихын біледі, ұлттың қай жерде қалыптасқанынан хабардар.

– 2022 жыл Садақ ату федерациясы үшін қандай жыл болды?

– Бұл жыл біз үшін өте жемісті болды. Алғаш рет қазақстандық спортшылар әлемдік деңгейде өнер көрсетті, үздік үштіктің құрамына кірді.

Биыл тұңғыш рет елімізде Қазақстан чемпионаты өтті. Ол – қазақ елі үшін үлкен жеңіс. Тағы бір көрсеткіш – дәстүрді садақ ату спортының дамуы. Ұлттық спорт қайта жаңғыруға, дәстүрді жаңғыртуға көмектесіп жатыр.

Сондай-ақ Атырау облысында садақ атуға тікелей қатысы бар үлкен жоба басталады. Ол жерде садақ ату алаңы мен этноауыл салынады.

– Садақ ату спорты бойынша қай өңірлер көш бастап тұр?

– Қазақстан чемпионатына 17 өңірден спортшылар келді. Садақ атуды дамыту үшін арнайы орынның қажеті жоқ. Қыста да, жазда да садақ атып дайындалуға болады. Сол себепті өңірлер бойынша жыл мезгілдеріне қарай қиындық жоқ. Барлық өңірде даму байқалады. Атап айтсақ, Маңғыстау облысының дәстүрге өте жақын екені белгілі. Астана қаласында да спорттың бұл түріне деген қызығушылық жоғары. Қарағанды облысын да ерекше атауға болады.

– 19 миллион адамның ішінде екі мың адамның спорттың бұл түрімен айналысуы аз көрсеткіш емес пе?

– Қазақстандықтардың 50 пайызы спорттың бұл түрімен айналысса деген ниетіміз бар. Ол үшін елдегі барлық мектепте садақ ату спортын таныстыруымыз керек. Тарихты ақтарып, садақтың қай жерде кездескенін, қалай пайда болғанын мектеп бағдарламасына ерекшелеп енгізу қажет.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама