Halyq Uni логотип
×

Қырғызстанның мемлекеттік хатшысы қаңтарда азапталған Викрам Рузахунов жайлы пікірін айтты

Қаңтар оқиғасында азапталған қырғыз музыканты Викрам Рузахунов Қазақстанға бірнеше рет шақырылған

 Ая Өміртай 21.12.2022 | 14:35
Қырғызстанның мемлекеттік хатшысы қаңтарда азапталған Викрам Рузахунов жайлы пікірін айтты
скриншот: видео

Астанада өтіп жатқан Орталық Азия медиафорумы кезінде қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен қырғыз музыканты Викрам Рузахуновтың оқиғасына қатысты Қырғызстанның мемлекеттік хатшысы Сүйүнбек Касмамбетов пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Мемлекеттік хатшы бұл жағдай екі елдің мемлекетаралық саясатына әсер етпеуге тиіс екенін айтты.

«Бұл жағдайға қандай да бір саяси баға беруден аулақпын. Қатардағы көрініс, оны саясатқа айналдырудың қажеті жоқ. Қазақ пен қырғыздың ақпарат алаңында айтыла береді. Бірақ бұл мемлекетаралық саясатқа әсер етпеуге тиіс», - деді қырғыз саясаткері.

Ал «Рузахуновты азаптауға қатысты материалдық-моральдық шығын талап етуі орынды ма?» деген сауалға Қырғызстан мемлекеттік хатшысы шешімді халықаралық құқық қорғау ұйымдары қабылдайтынын атады.

«Мен үшін түсініксіз жағдай. Мұндай мәселелер сот, құқық қорғау органдары тарапынан шешілуі керек. Егер орынды талаптар болса, құқық қорғау органдары қаншалықты негізді екенін анықтауға тиіс. Егер ол өзіне өтемақы төлеу қажеттігін дәлелдей алса, бұл сұрақ бойынша шешімді халықаралық құқық қорғау ұйымдары қабылдайды», - деді Сүйүнбек Касмамбетов.

Естеріңізге сала кетейік, қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда жұмыс барысымен жүрген қырғыз музыканты Викрам Рузахунов тәртіпсіздіктерге қатысы бар деген күдікпен ұсталғаны жайлы видео тарады. Видеода музыкант 200 долларға жалданып, тәртіпсіздіктерге қатысқан Қырғызстан азаматы ретінде көрсетілген. Кейін ол босатылып, еліне жіберілді.

Қырғыз муызканты қыркүйек айында Алматы облысына келіп, қаңтардағы оқиғалар бойынша түсінік берген. Бес сағат бойы одан жауап алынған. Рузахунов ұсынылған 384 суреттің ішінен өзіне күш қолданған 10 полицейді таныған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама