Әнші ересектердің қателігі үшін өскелең ұрпақ зардап шекпеуі керек екенін айтты
Қазақстандық танымал әнші Димаш Құдайберген Орталық Азия медиафорумының «Бейбітшілік этикасы» тақырыбындағы сессиясында сөз сөйледі, деп хабарлайды Halyq Uni.
Әнші халықтың ойын бұрмалап, арам пиғылдарын жүзеге асырып жүрген мемлекет басшылары бар екенін айтып өтті.
«...Халықтың ойын бұрмалап, арам пиғылдарын жүзеге асырып жүрген мемлекет басшылары бар. Ол – шындық. Мейірбандық, татулық, адамсүйгіштік, бейбітшілік сынды ұғымдарды ту ете отырып, адамзаттың бірлігіне арналған The story of one sky, қазақ тілінде «Бір аспан тағдыры» әнімді жарыққа шығарған болатынмын. Біз бәріміз нәсілге, ұлтқа, дінге, түрлі мемлекеттерге бөлінеміз, бірақ біз бәрімізге ортақ Жер Ананың баласы екенімізді ұмытпауға тиіспіз», - деді Димаш Құдайбеген.
Сондай-ақ әнші ересектердің қателігі үшін өскелең ұрпақ зардап шекпеуі керек екенін айтты.
Бәріміз бір аспан астында өмір сүріп жатырмыз. Бір де бір қасиетті кітап адамзатты жауыздыққа, өлімге, соғысқа шақырмайды. Дінаралық соғыстың қайдан туындап жатқаны маған түсініксіз, - деді ол.
Димаш Құдайберген соғыс отын тұтатпау 21 ғасырдың ең өзекті мәселелерінің бірі екенін айтып өтті.
«...Талай ел соғыс зардабын тартып, экономикасы, руханияты құлдырап жатыр. Талай жазықсыз жандар сұм зұлматтың зардабын шегіп жатыр. Мұның барлығы – бейбітшілік кеткен жерді берекесіздік жайлайтынының айғағы. Соғыс отын тұтатпау, бейбітшілік үшін күресу – 21 ғасырдың да ең өзекті мәселесінің бірі. Неліктен мыңдаған жыл бойы тату ғұмыр кешуді үйрене алмай келеміз? Осы сұрақ мені көптен бері мазалайды. Біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жалпы адамзаттың ортақ мүддесі үшін неге біріге алмай келеміз?», - деді Құдайберген.
Сондай-ақ әнші адам өмірін адам өлімі арқылы құтқаруға қатысты пікір білдірді.
«Бізге не жетіспейді? Арандатып, үгіттеушілердің құйтұрқы әрекеттері арқылы ел мен елдің арасына сызат түсіріп, жауластырып, өз амбицияларын жүзеге асыру мақсатында мыңдаған адамды өлімге айдап жатқан соғысқұмарлықты қалай тоқтатамыз? Біз ол үшін не істеуіміз керек? Адам өмірін адам өлімімен құтқару ешқандай да құтқару емес, ол – сылтау. Соның бәрін біле тұра әлі күнге дейін нәсілге бөлініп, дін арқылы дінаралық соғыс, ұлтаралық келіспеушіліктер белең алып тұрған заманда өмір сүріп келе жатырмыз», - деді Димаш Құдайберген.
Айта кетейік, Астанада I Орталық Азия медиафорумы өтіп жатыр.