Ресейліктердің тұрмыстық жағдайы дамушы елдердің деңгейінен де қалып қояды
Ресей қаржыгерлері Герман Греф пен Эльвира Набибуллина РФ президенті Владимир Путинге соғыстың елді экономикалық зор апатқа апаратынын алдын ала ескерткен. Бұл туралы The Moskow News хабарлады.
Батыс елдері тарапынан салынып жатқан санкциялар тасқыны Ресей экономикасын алаңсыз күйретіп, кемінде он жылға кері лақтырып тастауы мүмкін. Екі жылдың көлемінде ішкі жалпы өнім долларлық өлшеммен алғанда, 30 пайызға құлауы кәдік. Инфляцияның шарықтап шыға келуі сондай, Орталық банк ставканы 35 пайызға дейін көтереді. Ал табыс 20 пайызға дейін құлайды. Президент алдында есеп беру барысында Сбербанк банкі басқармасының төрағасы Герман Греф осындай салдарларды алға тартты.
Ресейліктердің тұрмыстық жағдайы дамушы елдердің деңгейінен де қалып қояды. Себебі Мәскеу қазіргі заманғы технологияларды ғана емес, сонымен бірге тіпті азық-түлік және дәрі-дәрмек сияқты бірінші кезектегі керекті тауарлардың өзін импорттан әкеле алмайды.
Ол сондай-ақ Владимир Путиннің Ново-Огареводағы резиденциясында сөйлеген сөзінде «Егер Украина төңірегіндегі шырғалаң бұдан да қатая түссе, Ресейді апатты келешек күтіп тұр» деді. Сол кездесуде Грефке 39 беттен тұратын тұсаукесерді дайындауға көмектескен Орталық банктің төрағасы Эльвира Набиуллина да осыны айтты.
Порталдың хабарлауынша, жиында Путин кенет Грефтің сөзін бөліп, одан санкциялардың ең ауыр зардаптарынан қиындық көрмеу үшін не істеу керектігін сұраған. Алайда өздерін тым қолапайсыз әрі сенімсіз сезінген технократтар Путинді соғыс эскалациясынан сақтандырып, оған геосаяси апатқа арандап қалуға тәуекел етіп тұрғанын жете түсіндіріп беретіндей нақты, дәлме-дәл, шешімді жауап бере алмаған.
«Греф пен Насибуллина Ново-Огареводан Путиннің нені жоспарлап отырғанын және өздері айтқан уәждерді қабылдаған-қабылдамағанын біле алмай қайтты», – делінген порталда.