Белгілі ғалым қазақтың қас жауы туралы ойын айтты
Алланы, өзіңді тану үшін берген ақылды ертең боқтан сасық болып қалатын денемізге жұмыс істетіп жатырмыз. Оған соңғы 30 жылдық тарихта көзіміз анық жетті. «Сұрауы бар» youtube арнасына сұхбат берген ғалым, абайтанушы, қазақтың биі Омар Жәлел осылай деп Абай философиясымен жауап берді. Қазақстанды ұзақ билеген Назарбаевтың ақыры айран ба әлде ойран ба? Неге Назарбаевқа қарағанда Абылай ханды бақытты деп есептейді?
Назарбаев сияқты тіршілікке беріліп қойған адамды Абай ғәпіл дейді. Өзінің өмірін босқа өткізіп алған адам. Абай айтады: «Адам ғәпіл дүниені дер менікі» деп. Дүниенің бәрі менікі деді ғой ол кісі де. Сол ғәпіл адам дүниенің бәрін менікі деп жүргені Алланікі екенін түсінбеді. «Менікі деп жүргені оныкі» дейді Абай жаратушы меңзеп, - деп сөзін жалғады ғалым.
Омар Жәлел Нұрсұлтан Назарбаевқа қарағанда Аылай хан бақытты болған деген тұжырымдамасында айтты. Себебі алғашқысын қазақтың қас жауы – мадақтан құтқаратындар болған жоқ. Ал Абылайдың қасында мәңгілік сана иесі – Бұқар жырау отырған.
Нұрсұлтан Әбішұлының қасында: «Әй, Нұрсұлтан, сенікі емес бұның бәрі, Алланікі. Оның бәрін ертең көрге әкете алмайсың. Сенің әкететінің жалғыз иманың» деп айтатын бір адам болған жоқ. Оған қарағанда Абылай хан бақытты. Неге? Абылайдың қасында Бұқар жырау болды. Сондықтан Абылайдың есімі мәңгі. Оның есімін бұйрықпен алып тастай алмайсың. Ауысып жатқан саясатқа көбейтіндей мәңгілік есім. Оның қасында жаңа айттым, мәңгілік сана иесі – Бұқар отырды», - дейді Омар Жәлел.
Ал енді «Елбасыны адастырған не?» деген сұраққа былай деп жауап берді.
Адам неге алданады? Нәпсі деген бар. Сол нәпсіні қоздыратын нәрселер бар. Мақтау деген. Мақтау деген не? Қазақ айтады мақтаумен бауыздады деп. Мақтан деген атом қаруынан да қауіпті қару. Кім нәпсіні таныса, сол құдайын да таниды. Қазақ қоғамында болып отырған былықтардың бәрі адамға қас, жау нәпсіні танымағандықтан. Нәпсі деген - ішсем, жесем, ұйықтасам деген дененің жаны. Біздің Алланы, өзінді тану үшін берген ақылымыз өкінішке орай ертең боқтан сасық болып қалатын денемізге жұмыс істеп жатыр ғой. Оны 30 жылдық тарихта көзіміз анық көріп отыр. Яғни, нәпсінің жетегінде кеткен адамның өмірінің финалында қандай күн кешкенін көріп отырмыз, - дейді ғалым.