«Жармахан Тұяқбай кешірім сұрады»: 1987 жылы сотталған желтоқсаншының шындығы
Құрманғазы Рахметов 1990 жылы толық ақталып шықты
Құрманғазы Рахметов 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін ҚазССР жоғарғы сотының үкімімен (1987 жылдың қаңтарында) 7 жылға бас бостандығынан айырылған. 1990 жылы ҚазССР жоғарғы сотының президиумінің шешімімен жазасын бірнеше түрмеде өтеген Құрманғазы Рахметов толық ақталып шықты.
Бүгінде «Нағыз Желтоқсан» қоғамдық қорының президенті Құрманғазы Рахметов Астана қаласында тұрады.
1982-1987 жылдары ҚазКСР прокурорының орынбасары болған Жармахан Тұяқбай 1987 жылы мемлекеттік айыптаушы ретінде Құрманғазы Рахметовті 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрапты. Кейін ол ақталып шыққан соң Жармахан Тұяқбай кешірім сұраған.
Менің бостандыққа шығуыма Қайырғазы дейтін туған ағамның қосқан үлесі зор. Ол 20 литрлік бензинді алады да, үйіндегілермен қоштасып, алаңға барып өзін өртемек болады. Сол туралы жоғары жаққа хат жазған. Соны байқаған болуы керек, мені 22 ақпанда күтпеген жерден босатты, - дейді Құрманғазы Рахметов түрмедегі күндерін есіне алып.
Желтоқсаншы толық ақталып шыққаннан кейін Жармахан Тұяқбайдың өзінен кешірім сұрағанын айтып берді.
«Ол кісі расымен кешірім сұрады. "Заман солай болды" деді. Мен оны түсіндім. Өйткені, сол заманда бүкіл бұйрық Мәскеуден берілетін. Жармахан – сол механизмнің бір тетігі ғана.
2005 жылы мен Щучинск қаласында тұратынмын. Сол кезде "Дат" газетінде істейтін Бақытгүл Мәкембай деген журналист (марқұм) хабарласып, Алматыға келуімді сұрады. Сосын Алматыда Жармахан Тұяқбай өзі қарсы алып алды, кешірімін сұрады. Ол кезде Қазақстанда "Әділетті Қазақстан үшін" атты негізгі оппозициялық қозғалыс құрылып, сол ұйымның атынан Жармахан Тұяқбай президенттік сайлауға үміткер ретінде ұсынылып жатқан болатын. Саяси науқанның қайнап тұрған шағы. Мен айттым: "Аға, арамызда ештеңе жоқ, мен сізді әлдеқайда кешіріп қойғанмын" деп. Сол кезде құшақтасып, одан әрі ағалы-інілі болып кеттік», - дейді Құрманғазы Рахметов.