Halyq Uni логотип
×

Сапасыз кадр толып жүр, білікті жұмысшы табу қиын – Жаңбыршин

Депутат қазіргі жоғары білім беру жүйесін сынады

 Динара Амантай 15.12.2022 | 17:50
Сапасыз кадр толып жүр, білікті жұмысшы табу қиын – Жаңбыршин
Фото: facebook.com/edilzh

Арнайы орталықтардан университеттер мен колледждерден шыққан студенттердің біліктілігін анықтайтын сертификат берілгенмен, қоғамның, мемлекеттің нағыз мамандарға сұранысы толық қамтамасыз етілмей отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Facebook-тегі парақшасына жазды.

Депутаттың пайымдауынша, еліміздің білім беру жүйесі Болон процесіне өткеннен кейін арнайы орта және жоғары білім жүйелері мамандарын дайындаудың өте сапалы, әлемдік деңгейіне жете алмаған.

Бір ғана мысал. Қазіргі бакалавр мен бұрынғы инженердің білімі мен біліктілігін салыстыруға келе ме? Немесе қазіргі PhD мен бұрынғы ғылым кандидатының деңгейі қандай? Меніңше, жер мен көктей. Менің түсінігімде, адамдардың қабілетіне сай, мемлекеттің экономикасына қажетті төрт саты деңгейінде кәсіби мамандықтар беру керек: төменгі (жүргізуші, токарь, кассир және т.б.), орта (техник, технолог, есепші және т.б.), жоғары (инженер, заңгер, саясаттанушы және т.б.) және ғылым. Осыған орай стандарттар мен білім бағдарламалары жасақталуға тиіс. Физика мен химиядан толық білім алмаған инженер қалай энергетик, металлург немесе мұнай-газ саласының маманы бола алады? Ертең стратегиялық нысандарды апатқа соқтырып, персоналдың өміріне қауіп төндірмей ме? – деп жазды депутат.

Сондай-ақ ол толық білім алмаған маман қанша рет сертификациялаудан өтсе де, оның мықты маман болуы қиын деп санайды.

Қалай болғанда да толық базалық білім қажет. Ол үшін білім жүйесін қайта қалпына келтіру керек сияқты. Біз барлығына университеттің дипломын берумен айналысып кеттік. Сапасыз кадр толып жүр. Мықты, білікті жұмысшы табу қиын. Сондықтан қызметі күмәнді бюджеттің қаражаты жұмсалатын орталықтардың қаншалықты қажет бар?! – деді Еділ Жаңбыршин.

Оның айтуынша, әр сала өздеріне керек мамандарды қосымша дайындағылары келсе, өз қаражаттарына орталық ашып, қызмет көрсетуі қажет. Бұл ретте депутат «Теңізшеврон» ЖШС-ін мысалға келтірді. Бұған қоса, ол «ҚазМұнайГаз» АҚ, «Қазақстан темір жолы» АҚ немесе «Qazaqgas» АҚ өздері кәсіби орталық ашып, білікті кәсіби мамандарды өз өндірістік базаларын пайдаланып дайындауы керек деп есептейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама