×

«Тәуелсіздік үшін күрескендерге құрмет жоқ». 16 желтоқсан қалай аталып өтуі керек

1991 жылы тәуелсіздік жариялағанда Кеңес Одағының тарап кеткеніне 8 күн болған

 Ербол Тұрымбет 15.12.2022 | 17:30
Коллаж: Halyq Uni

Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, биыл 16 желтоқсанда – Тәуелсіздік мерекесі күні ел аумағында тақырыпқа орай кездесулер, көрмелер, дөңгелек үстелдер ғана ұйымдастырылады. Ал сарапшылар мереке күнін атап өткенде халқымыздың тағдырына қатысты үлкен тарихи оқиғалар мен тұлғалар ескерілмей келе жатқанын айтады.

«ОҚУ ОРЫНДАРЫНДА ТАРИХИ САБАҚ ӨТУ КЕРЕК»

Саяси-қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлының айтуынша, 1991 жылы тәуелсіздік жариялағанда Кеңес Одағының тарап кеткеніне 8 күн болған еді.

Оның пікірінше, қазақтың тәуелсіздік алуына келер болсақ, Ресейдің империя кезінен бері көрген қорлығы аз емес. Кеңес үкіметі тұсында да ең ауыр соққыны қазақтар көрді. Түркі халықтарының ішінде ең көп қазақ ең аз қазаққа айналды. 1959 жылғы санақ бойынша қазақ өз жерінде 29,4%, яғни үштен біріне жете алмай қалған. Сөйтіп барып қазақ мектептерінің жабылуынан қазақ салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тілінен айрыла бастаған.

Қайта қазақтың бойына берген жаратушының керемет рухы сөнбей, бір жерде қоламта сияқты болып қалды да 1986 жылы дүр етіп шықты. Сондықтан да тәуелсіздік күні жұртты жинап алып, концертпен тарату емес, мектептерде, ЖОО-да тарихи сабақ өтуі керек. Қазақтың тәуелсіздікке қалай жеткені, бастан қандай қиын сәттерді өткізгені айтылу керек, – дейді ол.

«ТӘУЕЛСІЗДІК ҮШІН КҮРЕСКЕНДЕРГЕ ҚҰРМЕТ ЖОҚ»

«Ұлт тағдыры» қозғалысының басшысы Дос Көшімнің сөзінше тәуелсіздік күнінде 31 жыл бойы ең басты екі нәрсе ескерілмей келді. Кез келген елде тәуелсіздікті тойлағанда сол тәуелсіздікке қызмет еткен, соған жұмыс істеген, күрескен азаматтарды құрметтеп, төрге шығарады. Бізде осы еш уақытта жоқ деген пікір айтады.

Біз Тәуелсіздікті «Беловежская пущадағы» бір дүкеннен сатып алған сияқтымыз. Тәуелсіздік бізге аспаннан түсті, бәрі қирағаннан кейін дейтін ойлар көп. Жоқ, олай емес. Тәуелсіздік еш уақытта тегін келмейді. Өте үлкен күреспенен, қанменен келеді. Сол тәуелсіздікті көтерген адамдар бар. Енді Кенесарыдан бастап Алашты айтпай-ақ қояйын, қазір көзі тірі «Азат» қозғалысының, «Алаштың» жігіттері, сол уақыттағы жалғыз социал-демократиялық партияның, «Желтоқсанның» азаматтары – міне, осы 4 топ сол Тәуелсіздік үшін жұмыс істеді. Соларға ең болмаса алғыс айтылмады, – дейді ол.

Оның ойынша, былтыр тәуелсіздіктің 30 жылдығында не Хасен Қожа-Ахметке (1975 жылы алғаш рет сотталған, «Желтоқсанның» басшысы болған), не Жасарал Қуанышәлинге («Азат» қозғалысы төрағасының орынбасары болған), не өзіне медальдың да берілмеуі тәуелсіздік күрескерлеріне деген құрметтің жоқтығынан.

Екінші мәселе, тәуелсіздік «Желтоқсанмен» қатар келеді. «Желтоқсанға» қатысты бір әттеген-ай бар. Қазір «желтоқсандықтарды» құрметтейміз, Қайратқа батыр атағын бердік. Бірақ бізді ұрып-соққандар, соттағандар, оқудан, жұмыстан шығарғандар неліктен алдымызда ақталмайды? Өз арының алдында, құдайдың алдында ақталу керек емес пе? Осы әлі күнге дейін жоқ. Менің арманым, солар өз қателіктері, зұлымдықтары үшін халықтың алдына шығып кешірім сұраса екен, – дейді Дос Көшім.

12 ЖЕЛТОҚСАН МЕН 24 МАУСЫМ АЛТЫН ӘРІППЕН ЖАЗЫЛУЫ КЕРЕК

Белгілі тарихшы Сұлтанхан Жүсіптің айтуынша, тәуелсіздік туралы сөз болғанда 16 желтоқсаннан бұрын 12 желтоқсанды тарихта алтын әріппен жазу керек. Өйткені осыдан тура 105 жыл бұрын Қазақ ұлттық мемлекеттігі қайта жаңғырған.

1917 жылы Орынборда 5-10 желтоқсан аралығында жалпыұлттық қазақ-қырғыз құрылтайы болып, 12 желтоқсан күні Алаш ұлттық желілі автономиясы құрылды деген қаулы қабылдайды. Сөйтіп байырғы Қазақ хандығының жер аумағында қазақ халқының талап-тілегімен, саяси құқымен Қазақ мемлекеті қайта жаңғырды. Бүгінгі Қазақстанның да іргетасы сол кезде қаланды.

Алаш Республикасы автономия деп аталғанымен, ол болашақ құрылатын Ресей Федерациясының субъектісі болуы тиіс еді. Украина, Башқұрт, Түркістан, Әзербайжан, Кавказ республикалары – бәрі де сол ұлттық территориялық автономия болып құрылды. Алаш республикасы дайын тұрған Ресей Федерациясының құрамына кірмей, керісінше басқа ұлттық республиканың бәрі өз еркімен Ресей Федерациясын қалыптастыруы тиіс болатын. Бірақ федерация болмай қалды. Сол себепті Алаш Республикасы 1918 жылдың 6 қаңтар күні Кеңес Үкіметі Бүкілресейлік құрылтай жиналысын қуып таратқаннан кейін Алаш республикасы енді қаласын-қаламасын – егемендікке ие болды. Сөйтіп 1918 жылдың қаңтар айынан 1920 жылдың наурыз айына дейін 2 жылдан астам уақыт егеменді тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүрді, – дейді тарихшы.

Айта кетейік, Сұлтанхан Жүсіп биыл жыл басында Жапония Сыртқы істер министрлігі архивінен ерекше құжат табылғанын жариялаған еді. Онда көрнекті Алаш қайраткері Райымжан Мәрсекұлының (Мәрсеков) Алаш Орда үкіметінің атынан 1919 жылдың қаңтарында Жапонияның Владивостоктағы Бас консулдығы арқылы жапон үкіметіне хат тапсырғаны, Алаш республикасы Жапониядан әскери, қаржылай көмек және тәуелсіздігін мойындауды сұрағаны айтылады. Және 1918 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс біткенде Париж бейбіт конференциясы басталады. Алаштықтар Жапониядан сол соғыста жеңіске жеткен алып державаларға да Алаш республикасының тәуелсіздігін мойындауға ықпал етуін сұраған.

Және сол хатта айтылғандай, өзінің ресми өкілі ретінде Парижге Мұстафа Шоқайды жолдайды. Бірақ Ресей Париж конференциясына Әзербайжан, Алаш, Түркістан, Башқұрт автономияларының бірінің де өкілін жібермеді. Соған байланысты Мұстафа Шоқай Парижге жете алмай, Тифлисте тоқтап қалуға тура келді де 1921 жылдың жазында ғана Парижге жетті. НКВД-ның 1922 жылғы бір есебінде былай делінеді: «Алашорда үкіметінің Ұлттар лигасында өз өкілі бар. Ол өкіл – Мұстафа Шоқай» делінген, – дейді тарихшы.

Тағы бір айта кетерлігі, тарихшының сөзінше, 1918 жылдың 24 маусым күні Алашорда Үкіметінің құрамында Әскери кеңес құрылып, оған Қорғаныс министрінің міндеті мен құзыры жүктеліп, қазақ елінің тарихында тұңғыш тұрақты Ұлттық Армия құрылған күн болды.

Қазір тәуелсіздік алғаннан кейін Қарулы Күштердің құрылған күні деп 7 мамырды айтып жүрміз. Ал ол күн тұңғыш президентіміздің үлкен қызы – Дариғаның туған күніне әдейі орайластырылып берілген нәрсе. Ал шындығында тұңғыш Қарулы Күштеріміз осыдан 104 жыл бұрын құрылды деп айтуға болады, – дейді Сұлтанхан Жүсіп.

Ал тұңғыш Қорғаныс министріміз – офицер Хамит Тоқтамысұлы болған. Ол Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, сол кездегі шені – штаб капитаны болған. Көп ұзамай полковник шені берілген. Сондықтан еліміздің тұңғыш қорғаныс министрі де тарихқа алтын әріппен жазылу керек деген ұстанымын айтты.

Айта кетейік, биыл елімізде 13 жылдан кейін алғаш рет Республика күнін тойланды. Қыркүйекте парламент «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзетулер енгізген еді. Жаңа заң бойынша 25 қазан – Республика күні ұлттық мерекеге, ал 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мерекеге ауысты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама