×

Мұхтар Тілеуберді Зюгановтың шулы мәлімдемесіне қатысты ұстанымын айтты

Сыртқы істер министрі «Қазақстан ресми наразылық білдіре ме?» деген сұраққа жауап берді

 Ербол Тұрымбет 10.03.2022 | 12:00
коллаж Halyq Uni: Мұхтар Тілеуберді, Геннадий Зюганов

Ресей коммунистік партиясы төрағасы Геннадий Зюгановтың мәлімдемесіне қатысты ҚР сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді ұстанымын білдірді. Оның айтуынша, «бізден ешқандай ресми наразылық болмайды», деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Зюганов – РФ Коммунистік партиясы жетекшісі. Олар өздерін қазіргі биліктің оппозициясы ретінде көрсетіп келеді. Өздеріңіз білесіздер, оппозиция қазіргі биліктің ресми ұстанымынан ерекше немесе оған қайшы келетін пікір айта береді. Және де, Зюгановтың мәлімдемесі Ресейдің бір де бір федералды арнасынан көрсетілмеді, – деді Тілеуберді. 

Оның сөзінше, бұның үстіне, президентіміздің Мәскеуге жұмыс сапары барысында Ресейдің Қазақстанға қатысты ешқандай территориялық шағымы жоқ екені ең жоғары дәрежеде нақтыланған. Екіншіден, министрдің пікірінше, РФКП – Кеңес одағы кезіндегі коммунистік партия мұрагері. Соған сай, олар КОКП идеологиясын негізге алады. Ал ол идеологияның негізі әлемдік социологиялық революция мен бүкіл әлемде пролетариат орнатуды көздейтін марксизм мен ленинизмнен тұрады. Үшіншіден, министр бұл видеоның 2 айдан кейін жарияланғанына назар аударуды сұрады. 

Оның Украинадағы жағдай кезінде шығып жатқаны да бекер болмаса керек. Әскери қақтығыс кезінде ақпараттық кеңістікте де майдан күшейеді. Ол жаһандық деңгейде немесе Қазақстан ішінде де бола береді. Сондықтан осындай айтылған сөздерді, арандатуларды журналистер өздері қарастыру керек. Яғни, «видео неге дәл қазір пайда болды, кім шығарды?» деген сұрақтарды өздеріңіздің журналистік зерттеулеріңізге алғандарыңыз дұрыс, – деді СІМ басшысы. 

Айта кетейік, жуырда әлеуметтік желілерде Ресей Думасы депутаты, коммунистік партия төрағасы Геннадий Зюгановтың Қазақстанға қатысты орынсыз мәлімдемесі жарияланған еді. Онда ресейлік депутат орыс тілділерді ұлтшылдар бассыздығынан қорғау қажеттігін, Байқоңыр мен басқа да стратегиялық нысандар, полигондарды сенімді қорғау керектігін айтқан. Әрі Қазақстан билігімен кеңес жасап, тілдік, мәдени, рухани тұрғыда қауіпсіздікке кепіл берілуін талап еткен. Артынша бұл мәлімдеменің 20-қаңтарда жасалғаны белгілі болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама