×

«Тәуелсіздік күнін қалай атап өтуіміз керек?». Елордалықтар Жаңа жылға дайындала бастады

Ресейден жеткізілген 300 шыршаның 15 шақтысы сатылып кеткен

 Еркеғали Болатұлы 14.12.2022 | 10:30
фото: youtube.com

Тәуелсіздік мерекесі тағы да Жаңа жылдың тасасында қалды. Осылайша, қазақстандықтар желтоқсан басталысымен орталық көшелерге шырша орнатып, жаңа жылдық безендірулерді іліп тастау әдетінен жаңылған жоқ.

Астаналықтар Аяз ата шеруін ұйымдастырып, мәз-мейрам болып, сауда үйлерінің алдына шырша орнатып үлгерген, деп хабарлады «Астана» телеарнасы. Алайда Жаңа жылдың алдында тұтас ел үшін аса маңызды әрі қастерлі мереке – Тәуелсіздік күні бар еді.

Тәуелсіздік күнінде ұлттық тәрбиеге байланысты батырларымызды көрсететін және мемлекеттік символдарды көбірек насихаттайтын осындай бір шаралар болуы керек деп есептеймін. «Тәуелсіздік күнін қалай атап өтуіміз керек?» деген бағыты мен бағдарын арнайы комиссия құрып па, бір зерделеу керек секілді, - деген ойын ортаға салды осы ретте сенатор Айгүл Қапбарова.

Сондай-ақ қаланың кейбір тұрғыны шыршаны 16 желтоқсаннан кейін қоюға да уақыт жеткілікті екенін алға тартып отыр. Ал жаңа жылдық ойын-сауықты қыздырып жатқандар – жеке кәсіпкерлер. Мысалы, сауда үйінің аумағындағы бір орында 10 күннің ішінде Ресейден жеткізілген 300 шыршаның 15 шақтысы сатылып кеткен.

Бағалар 5 мыңнан 12 мыңға дейін. Әзірге сауда қызды деп айта алмаймын. Бірақ дайындыққа кірісіп кеткендер көп, - деді тілшілерге жауап берген сатушы Богдан Сидорчук.

Ал бұған дейін Астана қаласының әкімдігі «жаңа жылға дайындық 16 желтоқсаннан кейін басталады» деген болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама