РФ азаматтарының 64 пайызы Еуропа одағы елдеріне, 43 пайызы АҚШ пен Канадаға баруға дайын отыр
Ресейде қызмет ететін жастағы тұрғындардың 40 пайызға жуығы елден кеткілері келетіндерін білдірді. Бұл туралы The Moskow News хабарлады.
Ресейдің еңбекке жарамды жастағы азаматтарының 37 пайызы эмиграцияға кетіп, шетелге көшкілері келеді, – деп мәлімдеді сауалнама жүргізген HeadHunter сервисінің мамандары.
Бұдан басқа, қызметкерлер елдің ішінде тұрғылықты жерлерін ауыстырып, басқа өңір мен қалаға барғылары келетіндерін байқатты. Сұрау салынғандардың 29 пайызы ғана ештеңені өзгерткілері келмейтіндерін жеткізген. Ал 10 пайызы басқа жаққа көшіп жатқандарын айтты.
Шетелге кетуге құштар адамдардың үлес салмағы Мәскеу мен Санкт-Петербургте бәрінен көп (45%) болып шықты. Шетелге кеткілері келетіндердің 39 пайызы – ерлер, 34 пайызы әйелдер екен. Релокацияға ынталы лектің арасында менеджерлердің жоғарғы топтары (56%), маркетинг пен жарнаманың мамандары (52%) және IT мамандары (47%) басым. Ал көлік және логистика саласында қызмет ететіндер (27%) бухгалтерлер мен заңгерлер (26%), HR-менеджерлер (25%) бәрінен аз.
Шетелдерге кетуді армандайтын ресейліктердің 64 пайызы – Еуропа одағы елдеріне, 43 пайызы – АҚШ пен Канадаға, 40 пайызы Азия елдеріне барып тұрғылары келеді екен. Ал әрбір үшінші ресейлік қызметкер (33%) ТМД елдеріне, 22 пайызы Біріккен Араб Әмірліктеріне немесе Сауд Арабиясына кетуге дайын отыр.