×

«Үкімет дұрыс жағдай жасауы керек». Сарапшы Тоқаевтың цифрландыру мен криптоиндустрия туралы ойын аяқсыз қалдырмауға шақырды

Президент Қазақстанның цифрлық әлеуетін ЕАЭО-ның экономикалық интеграциясын жетілдіруге тәжірибе ретінде қолдануға болатынын айтқан

 Ербол Тұрымбет 12.12.2022 | 11:54
Сапар Ахметов, Қазақстандық блокчейн-технологиялары қауымдастығының басқарма төрағасы

Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекте өткен Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) кезекті отырысына қатысып, ЕАЭО туралы шартқа толық сай келетін экономикалық интеграция процесін жетілдіру мәселесін сөз етті.

«Қазақстан тарапынан интеграциялық процестерді тежеу туралы сөз болуы мүмкін емес. Қазақстан, керісінше, Одаққа мүше барлық мемлекеттің мүддесін, әрине, еліміздің ұлттық мүдделерін ескере отырып, ЕАЭО туралы шартқа толық сай келетін экономикалық интеграция процесін жетілдіру және оңтайландыру үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Біздің халқымыз, әрине, Қазақстан халқы да, әсіресе, кәсіпкерлеріміз мұндай интеграцияның пайдасы мен нәтижесін көруге тиіс. Бізді белгілі бір бағыттардағы процестердің «кібіртіктеуі» алаңдатады. Атап айтқанда, Одақтың цифрлық күн тәртібі туралы сөз болып отыр. Қазақстан бұл бағытта айтарлықтай ілгеріледі. БҰҰ мәліметі бойынша, бүгінде біз әлемдегі цифрландырылған отыз мемлекеттің қатарына кіреміз. Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды форматта көрсетіледі», - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанда ІТ технологиялар мен инновациялардың дамуы үшін заңнамалық негіздер жасалғанын, IT стартаптардың халықаралық технопаркі жұмыс істейтінін айтты.

«Криптоиндустрия дамып, цифрлық теңге енгізіліп жатыр. Бұл тәжірибені интеграцияны дамытуда, жалпы еуразиялық ауқымдағы жобаларды жасауда пайдалануға болады деп есептеймін. Одақ ретінде біздің міндетіміз жаңа цифрлық технологиялар, крипто-экожүйелер және финтех саласында жетекші рөл атқару деп санаймын. Бұл міндетті орындауға болады. Оған қоса, Ресей, Беларусь, Армения бұл салаларда тарихи тұрғыдан айтарлықтай тәжірибеге ие. Одаққа мүше елдерді осы бағыттағы жұмысты күшейтуге шақырамыз», – деді Мемлекет басшысы.

«МЫҚТЫ МАМАНДАР КЕТІП ҚАЛАДЫ, ЖЕТІСТІГІМІЗДЕН АЙЫРЫЛЫП ҚАЛАМЫЗ»

Қазақстандық блокчейн-технологиялары қауымдастығының басқарма төрағасы Сапар Ахметовтің айтуынша, елімізде майнинг пен криптоиндустрияны дамыту жағынан көптеген өзгерістер жасап, заңдар қабылданып жатыр. Қазақстан 2020 жылдан бастап криптовалютаны заңдастырды. Халықаралық қаржы орталығында биржалардың жұмыс істеуіне мүмкіндік жасады. Әлемде бірінші рет криптовалюта майнингіне салық салу мәселесі қарастырылды.

Бірақ біздегі индустрияда жетістіктермен қатар көптеген тәуекелдер де бар. Біріншіден, біздің энергетика жүйесінің қиын жағдайға ұшырауына байланысты майнинг компаниялар, дата-орталықтардың көбі жұмысын тоқтатып жатыр. Бұл енді жетіліп келе жатқан индустрия үшін үлкен қиындық. Елде энергетикада профицит болмайтын болса, ол индустрияның дамуына жол ашпайды, - дейді сарапшы.

Екінші жағынан, қауымдастықтардың ұсынысымен майнинг салығы киловатына 1 теңгеден бекітілген еді. Сол арқылы Үкіметке миллиардтаған қаржы түседі деген жоспар болған. Алайда қазіргі электр энергиясының жағдайына байланысты ол қаржы түспейді. Өйткені, көптеген майнинг компанияларының жұмысы тоқтап тұр.

«Соған қарамастан Үкімет тағы бір заң қабылдап қойды. Нарық қатысушылары оған келіспесе де, олар біржақты заң қабылдады. Сол заң бойынша, киловатына салық 1 теңге емес, 2023 жылдың қаңтарынан бастап 10 теңге болды. Ол бұл өндіріске түбегейлі қиындық жасайды», - дейді Сапар Қайратұлы.

Тіпті, қазір кей майнинг компанияларының электр энергиясын газ арқылы шығарып отырғанын айтады. Бірақ газ бағасысының да көтерілуі өндірістің өзіндік құнын бірнеше есе көбейтетін түрі бар.

Сапар Қайратұлы криптоиндустрияның дамуын қамтамасыз ету үшін, оған қазірден мүмкіндік жасау керектігін айтты.

«Индустрияның дамуын тежейтін болсақ, осы саладағы іскер азаматтар, IT мамандардың бәрі басқа елге кетіп қалады. Жетістігімізден айырылып қаламыз. Сондықтан жан-жағын теңдей ұстайтын баланс керек.

Егер президенттің айтқанын орындаймыз, алдыңғы қатарда боламыз, өзге елдерге үлгі көрсетеміз десек, өзіміз осы саланы терең зерттеп, еңсесін баса бермей, дұрыс жағдай жасауымыз керек», - дейді қауымдастық басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама