Павлодарда қымыз өндіретін ірі кәсіпорын иесі Жоғарғы соттан әділдік күтеді
Осыдан бес-алты жыл бұрын «Сағып» қымызы Ертіс-Баян өңірінің брендіне айналған еді. Ал бұл кәсіптің иесі - «Құрмет» орденінің иегері Төлеу Құшманова еліміздегі танымал бизнес-ханымдардың қатарына қосылды. Ол бұл кәсіпке жиырма жылдан астам өмірін арнаған. Қазақтың ұлттық сусынын халықаралық деңгейде танытуға үлес қосты.
Павлодарда өндірілген қымыз Мәскеуде саудаланды. Қытайға экспортталды. Қайбір жылдары Италияның Милан қаласында «Ғаламшарды тамақтандыру, өмір үшін энергия» ұранымен өткен ЭКСПО көрмесіне қатысты. Бірнеше халықаралық байқаудың жеңімпазы атанды. Міне, 100-ге жуық бие сауып, тәулігіне бір тоннадан астам қымыз өндіретін табысты кәсіпорынның тоқырауға ұшырағанына бірнеше жыл болды. Оған мемлекеттік қаржы ұйымдарының бірінің басшыларымен болған дау себеп. Кәсіпкер содан бері соттасып жүр. Мәселе Жоғарғы сотқа дейін жеткен. Ал осы аралықта шындықты дәлелдеймін деп шарқ ұрып, сенгендері сырт айналып, кәсібінен де, нәсібінен де толық айырылып қала жаздаған Төлеу Көкешқызы Halyq Uni тілшісіне сұхбат беріп, мәселенің мән-жайын айтып берді.
- Төлеу Көкешқызы, «Сағып» шаруа қожалығының қымызын сауда сөрелерінен көрмегенімізге бірнеше жылдың жүзі болды. Өндіріс толығымен тоқтап қалды ма?
- Қымыз өндірісін мүлде тоқтаттым деп айта алмаймын. Соңғы бес жылда «Сағып» шаруашылығы тоқырап тұрғаны рас. Биелерім азайып қалды. Бүгінде иелігімде он бес сауын бие ғана қалды. Олардың құлындағанын күтіп отырмыз. Аз көлемде болса да, қымыз өндірісін қайта бастаймыз. Шаруашылықта жылқы ұстайтын екі үлкен баз болған еді. Оны басқа шаруа қожалығына жалға беріп отырмын. Себебі, коммуналдық шығындарды өтеу қиын болып кетті.
- Табысты кәсіптің тоқырауына не себеп болды?
- Павлодардағы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бұрынғы басшысы, осы қаржы ұйымын он жыл басқарған Ерқанат Әбеновпен арамызда түсінбеушілік болды. Ол маған жала жапты. Ақыры соттастық. Бірақ оның қолы ұзын еді. Сот маған үлкен көлемде айыппұл арқалатып жіберді. Бес жылдан бері сонымен арпалысып келемін. Қазір іс Жоғарғы сотта қаралып жатыр. Себебі менің кінәсіздігімді дәлелдейтін жаңа деректер анықталды.
- Шенеунікпен арадағы дау неден басталды?
- 2012 жылы жылқы басын көбейтіп, қымыз өндіретін цех ашу мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорынан 51 млн теңге көлемінде несие алдым. Өндірісті оң жолға қойдық. Осыдан кейін қор басшысы Ерқанат Әбенов менімен жеке танысқысы келетінін айтты. Жүздестік. Әңгіме барысында кәсібіме жан-жақты қолдау көрсетуге, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несие алуға көмектесуге әзір екенін жеткізді. Есесіне бірлесе жұмыс істеуді ұсынды. Қымыз өндірісінен үлес көргісі келді. Мен көп ойландым. Үйдегі отағасымен, кәсіпкер туысқаныммен ақылдастым. Ақырында келістім. Сендім.
Ерқанат менен он құлынды бие сатып алды. Құжат жүзінде рәсімдедік. Биелерді қайтадан өзіме жалға берді. Сүтін сауып, қымызын сатып, түскен пайдадан айына оған 500 мың теңге төлеп отыруға келістім.
- Келіскен соманы төлеп тұрдыңыз ба? Бұл қанша уақытқа жалғасты?
- Бұл келісім екі жылға жалғасты. Ай сайын тұрақты түрде жарты миллион теңгесін апарып беріп отырдым. Ерқанат «Басқа ешкім білмей-ақ қойсын» деп өтінді. «Бұл үлкен сома, ресми қол қойып алып отыр» деп те өтіндім. Ол «қол қоятын уақытым жоқ. Сіз менің анамдайсыз, бір-бірімізді қалай алдаймыз», деп қол қоюдан қашқақтап жүрді.
- Ерқанат Әбеновтың сіздің үстіңізден шағым түсіріп, сотқа жүгінуіне не себеп болды?
- 2014 жылы жолдасым сырқаттанып қалды. Оның ем-домы үшін қомақты қаражат қажет еді. Кәсібімнің жартысын сату туралы шешім қабылдадым. Бұл шешімді Ерқанатқа да айттым. Ол жылқыларын алып кетті. Бірақ, біршама уақыттан кейін соттан қағаз келді. Мені жылқысын пайдаланып, қымызын сатып, ақшасын бермей кетті деп айыптаған. Оның арызы сотта қаралды. Өкінішке қарай, қалалық сотта да, облыстық сотта да жеңіліп қалдым. Себебі, қолымда оның ақша алғанын растайтын құжат жоқ еді. Мойныма 27 миллион теңге айыппұл ілінді.
Жалпы, «Даму» қорының сол кездегі басшысы «Сағып» шаруашылығына үлескер ретінде кіруге тырысты. Кәсібімді тартып алмақшы болды. Сотқа да сол үшін берді деп ойлаймын.
Әлі күнге дейін осы мәселемен арпалысып келемін. Менің бар қателігім – Ерғанаттың сөзіне сеніп, төлеген ақшамды құжат жүзінде бекітпегенім. Жалпы, мұндай жағдай болуы мүмкін деп ойламадым. Кәсібімнің табысын, нәтижесін көріп қуанып жүрдім. Осының барлығы көреалмаушылықтың салдары деп ойлаймын. Көзге көп көріне берген де жаман сияқты.
- Бұл тығырықтан шығудың жолы қандай?
- Қазір заң жүзінде ақталып шығуға барымды салып жатырмын. Әділдік іздеймін. Қазақстанның Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асановтың қабылдауына жазылдым. Менің мәселем әлі де оң шешіледі ме деп үміттенемін.
Әрине, қымыз өндірісін қайтадан бастауыма болар еді. Бірақ, шоттарым бұғаттаулы, қолым байлаулы.
- Павлодар облысындағы беткеұстар шаруашылықтарының біріне қатысты жергілікті биліктен қолдау болмады ма?
- Өкінішке қарай, әкімдік тарапынан ешқандай көмек болмады. Әлі де қолдау күтемін.