Halyq Uni логотип
×

«Қаңтар оқиғасына» құқықтық баға берілу керек – депутат

Жанарбек Әшімжан Бас прокуратура мен Ішкі істер министрін Мәжіліске шақыртты

 Ербол Тұрымбет 09.03.2022 | 12:20
«Қаңтар оқиғасына» құқықтық баға берілу керек – депутат
фото: ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан төменгі палатаның бүгінгі отырысында күштік құрылымдар басшыларын Мәжіліске шақыртты. Сөйтіп, «Қаңтар оқиғасына» қатысты сұрақтарға ашық әрі анық жауап беруін талап етті, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Депутаттың айтуынша, жақында республиканың әр өңірінде болып, ел-халықпен кездесіп келген әріптестеріне белсенді азаматтар мен ақпарат құралдарынан «Қаңтар оқиғасына қашан құқықтық баға беріледі?» деген сұрақтар қойылған. 

Қаңтардың қаралы күндері ең ауыр жағдайларды бастан кешкен Алматы облысы мен Алматы қаласында болып, Мәжіліс депутаты ретінде қалың бұқарамен және істі болып жатқандардың туыстарымен арнайы кездестім. Абақтыда жатқандардың ата-аналарының талаптары бойынша Талдықорған қаласындағы тергеу изоляторында болып, жастармен де жүздесіп, сөйлестім. Себебі істі болып жатқандардың ата-аналары, туыстары тарапынан тергеу изоляторында нағыз азаптаулар, қылмысты күшпен мойындатудың адам төзгісіз түрлері қолданып жатыр дегенді алға тартты. Бүкіл камерны аралап, әрқайсымен жеке-жеке сөйлесіп, көз көріп, көңіл сенген жағдайларды көңілі алаң болып отырған туған-туыстарына, әке-шешелеріне жеткіздім. Дәл осындай кездесулерді әріптестеріміз Алматы, Шымкент, Тараз қалаларында да өткізген болатын, – дейді Әшімжан. 

Оның сөзінше, осы күндерде түрлі әлеуметтік желіде елдің көңіліне қаяу түсіретін сан түрлі ақпарат ағыны тасқындап тарап жатыр. Алайда арада 2 ай уақыт өтсе де қоғам сол қасіретті оқиға туралы бастапқы мәліметтерге қол жеткізе алмай отыр. 

«Еліміздегі ірі қалалардағы әкімшілік орындары мен бизнес нысандарына, күштік құрылым ғимараттарына шабуылдаған кімдер? Жаппай тәртіпісіздік ұйымдастырып, қару ұрлаған кімдер? Қанша адам жәбірленді? Жапа шеккен кәсіпкерлермен жәбір көрген азаматтарға толыққанды көмек көрсету үдерісі қашан аяқталады? Изоляторларда жатқандардың жай-күйі қалай? Олардың құқы қай деңгейде сақталып отыр? Қылмыстық іс қашан аяқталады? Сотқа қашан жіберіледі? Қоғам тарапынан қойылып жатқан осы сұрақтар әлі күнге дейін ашық күйінде тұр», – дейді ол. 

Сондықтан мәжілісмен пікірінше, осы сұрақтың бәріне бүкпесіз ашық жауап беру үшін Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі басшылары Мәжіліс төріне келіп, оқиғаға байланысты осы және басқа да сауалдарға ашық әрі анық бетпе-бет жауап қатуы керек.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар, көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама