Біз ешқашан ұлттық мүддемізді, тәуелсіздігімізді қатерге тігуге құлықты емеспіз, - деді Энергетика министрі
Өзбекстан Ресейдің бастамасы бойынша құрылады делінген «Газ одағына» қосылмайтын болды. Бұл туралы The Moscow News хабарлады.
Президент Владимир Путин ұсынған «Газ одағы» бұрынғы КСРО-ның Орталық Азиядағы республикалары арасында қызығушылық туғыза қоймады. Кремльдің жаңа жобасы үшін санкцияға ұшырау тәуекеліне бармаған Қазақстанның соңынан Өзбекстан да одаққа қатысудан бас тартты, – делінген хабарламада.
Осыған орай Өзбекстанның Энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов республиканың газ бен электр қуатын «әлдеқандай бір альянс немесе одақ арқылы емес», тікелей өзімен көрші елдерден сатып алатынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, Өзбекстан газдың жетіспеушілігін қатты сезініп отырса да, бірқатар өңірлерде электр жарығын жоспарлы түрде өшіріп тұру болса да, Ташкент пен Ферғана ойпатында газ құю станциялары тоқтап тұрса да билік өзінің «ұлттық мүддесін, экономикасы мен тәуелсіздігін қатерге тігуге құлықты емес».
Біз ешқашан саяси жағдайларды газға айырбастап жіберуге келіспейміз, – деп атап өтті министр.
Оның пікірінше, Өзбекстан Ресей мен басқа елдерден отынды тиімді баға мен келісімшартына қарай сатып алып тұрады.
Егер тіпті Ресеймен газ алып тұру жөнінде келісім бекітілсе де ол одақ дегенді білдірмейді. Өзбекстанның Ресеймен ортақ шекарасы жоқ. Сондықтан оны көрші Қазақстан арқылы жеткізу жөніндегі келіссөздер жүргізуге тура келеді. Мұны техникалық контракт дейді, – деді Мирзамахмудов тағы.
Ал Владимир Путин қараша айының соңында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге жасаған ресми сапары кезінде Ресей газын Орталық Азия арқылы Қытайға асырумен шұғылданатын Ресей газы шеңберіндегі «үшжақты газ одағы» идеясы туралы сөз қозғаған болатын.
Ресей, Қазақстан, Өзбекстан – кеңес заманынан бері іс жүзінде бір газ тасымалдау жүйесінде. Біздің өзара ынтымақтастығымызды кеңейте түсетін үлкен мүмкіндіктер бар, – деді кездесуде Ресей вице-премьері Александр Новак.
Тоқаев Ресейден келгеннен кейін екі күннен соң идеядан шұғыл бас тартты.
«Қазақстан өзінің территориясын батыстың санкцияларын айналып өту үшін пайдалануға жол бермейді және газ одағы жобасына кірудің санкцияларға ұшырау тәуекелі басым екенін сезінеді», – деп мәлімдеді Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко.