Ресей басшылығы жағдай өзгерсе, Венесуэлаға көшуі мүмкін –  БАҚ

Дастан Жұмабекұлы

Перспективалы алаң ретінде Латын Америкасы қарастырылып отыр

фото: ашық дереккөз

Ресейдің жоғары басшылығы Украинадағы соғыс өздері үшін жеңіліспен аяқталса, Венесуэлаға барып тұрақтайтын жоспар жобасын жасап қойды. Бұл туралы The Moskow News хабарлады.

РФ президенті Владимир Путиннің 2008-2010 жылдары Үкіметте көпшілік алдында сөйленер сөздерді дайындау жөніндегі департаментте істеп, спичрайтері болған Аббас Галлямовтың айтуынша, бейресми аты «Нұх кемесі» болып аталатын жобаны жасау жұмысы биылғы көктемнен басталып кеткен.

Басында ол Ресейдегі проблемаларды сынға алуға, Қытайды бақылауда ұстауға бағытталған алаң болған екен.

Бұл ұсыныс АҚШ Қаржы министрлігі «Путиннің әмияны» деп аталып кеткен ресейлік миллиардер, «Россия» банкінің иесі Юрий Ковальчуктен түсті, – деп жазды Галлямов.

Кейін Кремльдегілер басқа іс түсе қалса, Қытайға қоныс аудару идеясынан «тез түңіліп шықты». Путиннің айналасындағылардың қорқыныштары қытайлықтардың менталитеті болды. «Олар өздерін өте ақылды санайды» және «бір-бірін күстаналайды» деген уәжге тоқтады.

Қазір қашып баратын тұрақ, перспективалы алаң ретінде Латын Америкасы, соның ішінде Аргентина мен Венесуэла қарастырылып отыр, – деп жазды Галлямов.

Венесуэла президенті Николас Мадура 23 ақпанда, Ресей соғысты бастардан бір күн бұрын Украинаны «АҚШ-тың отары» деп атаған еді. Бірақ сол Мадура әлем Ресейдің мұнайын сатып алудан бас тартып, өзіне де назар аудара бастаған кезде Құрама Штаттармен қуана келіссөз жүргізе бастады. АҚШ бұл елге жасалған санкцияларының біразын алып тастады. Қараша айында екі ел арасында мұнай саудасына байланысты келіссөз жүре бастады.