Қаңтар оқиғасы: Сақшы қыздар жайлы фильм жарыққа шықты
Олар жаппай бүлік кезінде куә болған жайттарды, басынан кешкен сезімдерді әңгімелейді
Қаңтар оқиғасына куә болған сақшы қыздар жайлы қысқаметражды деректі фильм жарыққа шықты.
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында түсірілген деректі фильм кейіпкері – Жамбыл облысы ПД баспасөз хатшысы Гүлсара Мұқтарқұлова. Ол қаңтар оқиғасы кезінде куә болған жайттарды, басынан кешкен сезімдерді әңгімелейді.
Бәріміз де адам баласымыз, ет пен сүйектен жаралдық, дүрбелең ушыққанда қорыққанымыз рас. Кешкі тоғыз жарым шамасында қалалық басқармадан шығып, орталық алаңға бет алдық. Адамдардың бәрі сонда жиналып жатқан еді. Үй-жай қалды, ойымызда – тек жұмыс. Қасымда Жанерке есімді тағы бір полиция қызметкері бар. Қолымызда қару жоқ. Достық алаңына жетем дегенше, небір күйді бастан кештік, – дейді Мұқтарқұлова.
Фильм барысында ол ішіндегі өкінішін де жеткізеді.
«Түнгі екі жарым шамасында ғимараттарды өртей бастады. Төрт ғимаратымыз өртенді. Қыздарым «Мама, қойшы, жыламашы» деп мені жұбатып әлек. Бірақ қалай жыламайсың?! Жұмыс орнымыз, музейіміз, ондағы тырнақтап жинаған экспонаттарымыздың бәрі тып-типыл болды», – дейді сақшы келіншек.
Гүлсара осындай қырғынның енді ешқашан қайталанбағанын тілейді.
Мені қуантатын екі жайт бар. Біріншісі, мен осы оқиғадан кейін полицейлердің қатары сиреп қала ма деп қорықтым. Жоқ, ондайды байқамадым. Екінші қуантқаны, күн сайын бізге әлеуметтік желілер арқылы отыз-қырық шақты адам жазып, жұбату сөздерін айтып, рухани қолдау білдірді. Бүлінгеннің бәрі орнына келер. Болашақта бұдан да жақсы күндерге жетерміз. Тек мынадай сұмдық енді ешқашан қайталанбаса екен деймін, – деді маман.
2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар, көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.